ҚазҰУ мен Әзірбайжан жастары арасындағы ынтымақтастық нығаядыFarabi University

ҚазҰУ мен Әзірбайжан жастары арасындағы ынтымақтастық нығаяды

24 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Әзірбайжаннан келген «Жас реформаторлар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фарид Шахбазлы бастаған делегациямен кездесті. 

Жүздесуде тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер алмасу және білім алушы жастарға арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған форумдар, семинарлар, жазғы мектептер мен тағылымдамалық бағдарламаларды ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев халықаралық ынтымақтастықты кеңейту университет қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бауырлас елдер жастары арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Фарид Шахбазлы Қазақстан мен Әзірбайжан жастары арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізіп, ортақ бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

«ҚазҰУ ректорының түркі елдері арасындағы әріптестік байланысты жандандыруды қолдайтынын жақсы білемін. Бүгінгі келіссөздер алдағы уақытта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға негіз болады деп санаймын», – деді Фарид Шахбазлы.

Жүздесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға уағдаласып, алдағы уақытта нақты іс-шаралар жоспарын бекітуге және екіжақты келісімдерді рәсімдеуге ниетті екендерін білдірді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі