Студенттерге арнайы ауызашар дастарханы жайылдыFarabi University
Референдум 15 марта

Студенттерге арнайы ауызашар дастарханы жайылды

25 ақпан, 2026

Қасиетті Рамазан айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттеріне арналған ауызашар дастарханы ұйымдастырылды. Игі бастама Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы тарапынан қолға алынып, үш күн бойы жалғасады. Оның аясында 1000-ға жуық білім алушыға ауызашар асы ұсынылады. 

Рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған басқосуда Рамазан айының мән-маңызы, оның тәрбиелік және тағылымдық қырлары кеңінен сөз болды. Қатысушылар ізгі амалдардың қоғам өміріндегі орны, адамдар арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты арттырудың маңызы жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар мұндай шаралардың жастар арасындағы достық пен өзара түсіністікті бекемдей түсетіні атап өтілді.

Студенттер өз кезегінде көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғыстарын білдіріп, қасиетті айда ұйымдастырылған рухани дастархан олардың жүрегіне жылулық сыйлағанын жеткізді.

Ауызашар дастарханын ұйымдастыруға «РАМС Қазақстан» компаниясы демеушілік қолдау көрсетсе, ұсынылған тағамдардың жоғары деңгейде әзірленуін «Universal Catering» компаниясы  қамтамасыз етті.

Шара барысында университет басшылығы әлеуметтік жауапкершілік танытып, студент жастарға қолдау білдірген серіктестер мен демеушілерге ризашылық білдірді. Мұндай қайырымдылық шаралар білім ордасында қалыптасқан рухани-адамгершілік құндылықтарды одан әрі бекемдеп, студенттер қауымының ынтымағын арттыра түсетіні айтылды. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі