Экономист-ғалымдар жаңа Конституция жобасын талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жаңа Конституция 2.0 жобасы: референдум және әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Экономика және бизнес жоғары мектебінде өткен іс-шараға ғалымдар, сарапшылар мен студенттер қатысты.
Жиынды Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова ашып, университет ғылым мен ұлттық даму идеялары тоғысатын маңызды академиялық алаң екенін атап өтті. Ол референдум аясындағы қоғамдық талқылаудың маңыздылығына тоқталып, бұл кездесудің заң шығарушы билік өкілдері, ғылыми қауымдастық, сарапшылар мен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы пікір алмасуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Пікірталас барысында қатысушылар конституциялық реформалардың әлеуметтік-экономикалық даму үдерістеріне ықпалына жан-жақты талдау жасады. Қаржы және есеп кафедрасының доцент-зерттеушісі, PhD Дина Қанағатова өз баяндамасында реформалардың қоғамның саяси және әлеуметтік салаларымен қатар, экономиканың жүйелі трансформациясына да әсер ететінін алға тартты. «Экономиканың түбегейлі жаңғыруы да аса маңызды. Жаңа Конституцияның қабылдануы елдің қаржы жүйесі тұрақтылығының кепілі болмақ. Біз дамудың маңызды тарихи кезеңін бастан өткеріп жатырмыз және әділетті қоғам құру үдерісін нығайтуға қадам басудамыз», – деді спикер.

Сондай-ақ жиында адами капиталды дамыту, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру мәселелері көтерілді. Сарапшылар құқықтық реформалардың азаматтардың өмір сүру сапасына және елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететіні жөнінде ортақ пікір білдірді.

Модератор жастардың алдағы саяси үдерістердегі рөліне ерекше назар аударды. Жанна Жандарбекқызы студенттердің саналы таңдауының маңыздылығын атап өтіп: «Бүгін олардың дауысы – бұл ертеңгі мүмкіндіктер. Бүгін қабылданған шешімдер олардың еңбек нарығындағы орнына, білім сапасына және кәсіпкерлік мүмкіндіктеріне әсер етеді», – деп мәлімдеді.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар алдағы референдум ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындайтын маңызды кезең екенін айтты. Талқылау нәтижелері студент жастар арасында конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған ғылыми-практикалық ұсынымдарды әзірлеуде ескерілмек.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі