ҚазҰУ-да құрмет пен алғыс білдіру мәдениеті зерделенді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әртүрлі этнос өкілдері арасында әйелге құрмет пен алғыс білдіру мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған университет оқытушылары мен жас ғалымдар қатысты.
Дөңгелек үстел модераторы, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Алена Демченко өз сөзінде әртүрлі халықтардың әдебиеті мен мәдениетінде әйел бейнесінің ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, әйел – ана, тәрбиеші және рухани тірек. Фольклор мен көркем мұра арқылы жастарға алғыс пен құрмет мәдениеті жеткізіледі. Сонымен қатар әйелдің ана тілін, ұлттық дәстүрлерді және мәдени мұраны сақтаудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Басқосуда философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Татьяна Морозова баяндама жасады. Спикер әйелге деген қатынас қоғамның моральдық және әлеуметтік бағдарларын көрсететінін айтты. Әртүрлі мәдениеттерде әйел өмірдің, қамқорлықтың, даналықтың символы ретінде қарастырылады және отбасы мен қоғам құндылықтарын сақтауға жауапты екені ескерілді. Баяндамада дәстүрлі көзқарастарды қазіргі заманғы тең мүмкіндіктер принциптерімен үйлестіру қажеттігі, сондай-ақ әйелдердің ғылым, білім беру және қоғамдық өмірге белсенді қатысуының маңыздылығы қамтылды.

Шара барысында өзге де факультеттердің оқытушы-профессорлары да баяндама жасады. Олар әртүрлі этностар дәстүрінде әйелге құрмет көрсетудің тарихи аспектілерін, отбасында құрмет көзқарасын тәрбиелеу ерекшеліктерін, сондай-ақ әйелдердің ғылым, кәсіби сала және қоғамдық қызметке қосқан үлесін кеңінен талқылады.

Қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатерлерге – ғаламдану мен цифрлық трансформацияға тоқталды. Мұндай өзгерістер құндылық жүйесі мен адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас үлгілеріне әсер ететіні баса айтылды. Өзгеріп жатқан әлем жағдайында рухани негіздерге сүйеніп, студенттік ортада алғыс пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы алға тартылды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар