Ректор Суперкомпьютер орталығының соңғы жетістіктерімен танысты  Farabi University
Референдум 15 марта

Ректор Суперкомпьютер орталығының соңғы жетістіктерімен танысты  

27 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Суперкомпьютер орталығында жүргізіліп жатқан соңғы жұмыс нәтижелерімен танысты.

Қазіргі таңда университет базасындағы суперкомпьютер толық іске қосылған. Орталық директоры Әмірхан Темірбаев оқу орнының басшысына суперкомпьютердің мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі таныстырып, жекеменшік және мемлекеттік мекемелермен бірлесіп атқарылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеу бағыттары туралы мәлімет берді.

Орталық басшысы суперкомпьютердің қолдану бағыттарына тоқталып, оның ғылыми зерттеулер мен білім беру саласында атқарып отырған маңызды рөлін айтты. Мысалы, Ұлттық гидрометеорологиялық республикалық мемлекеттік кәсіпорны суперкомпьютердің көмегімен Қазақстан аумағы үшін жоғары дәлдіктегі ауа райы сандық болжам моделін іске қосты. Бұл ауқымды жұмыс ауа райын нақты болжауға және қауіпті ауа райы құбылыстарын алдын ала ескертуге мүмкіндік береді.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы оқу орнының ғылыми әлеуетін одан әрі арттыру қажеттігін ерекше атап, Суперкомпьютер орталығының бұл бағыттағы үлесін жоғары бағалады. Суперкомпьютер мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, коммерциялық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі