Тартымды білім ордасыFarabi University
Референдум 15 марта

Тартымды білім ордасы

23 ақпан, 2026

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тек қазақстандық емес, шетелдік жастар үшін де тартымды білім орда­сына айналып отыр. Соның айқын дәлелі – Ресей Федерация­сы­ның Санкт-Петербург қаласынан келген 4-курс студенті Дмитрий Васильев. Ол ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін­де білім алып, хинди тілін меңгеруде.

Дмитрийдің айтуынша, Қа­зақ­стандағы жетекші универ­си­теттердің бірі саналатын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдауына оқу орнының ака­де­миялық беделі мен шығыстану саласындағы мықты ғылыми мектебі әсер еткен.

– Мен Санкт-Петербург қа­ла­сынан келіп, осы уни­вер­си­тет­те «Шығыстану» мамандығы бойынша білім алдым. Уни­вер­ситеттің оқу бағдарламасы, тә­жірибелі оқытушылар құ­ра­мы және халықаралық бағыт­та­ғы пәндер мені бірден қы­зық­тырды, – дейді ол.

Студенттің таңдауы хинди тіліне түсуі де кездейсоқ емес. Оның айтуынша, Үндістанның бай мәдениеті, көне тарихы мен философиялық дүние­та­ны­мы жас зерттеушінің ғылыми қызығушылығын оятқан.

– Хинди тілі – қарым-қаты­нас құралы ғана емес, тұтас бір өр­кениеттің кілті. Бұл тілді мең­геру арқылы үнді халқының рухани әлемін, салт-дәстүрін тереңірек түсінуге болады, – деп ойымен бөлісті Дмитрий.

Қазақстанда оқу студентке кәсіби білім ғана емес, жаңа мәдени ортаға бейімделу тә­жі­рибесін де берген. Ол қазақ халқының қонақжайлығы мен ашық мінезін ерекше атап өтті.

– Мұнда өзімді бөтен се­зін­бедім. Адамдар өте жылы шы­райлы, көмектесуге әрдайым дайын. Бұл шетелдік студент үшін аса маңызды, – дейді ол.

Ол хинди тілін меңгеру ба­ры­сында белгілі бір қиын­дық­тар да болғанын жасырмайды. Әсіресе тілдің грамматикалық құрылымы мен деванагари жа­зуы бастапқы кезеңде күрделі кө­рінген.

– Дегенмен жүйелі оқу мен оқытушылардың қолдауының ар­қасында бұл қиындықтарды жеңуге болады, – дейді сту­дент.

Осы студенттік жылдарда Д.Васильев жас ғалымдарға ар­налған «Фараби әлемі» ко­н­фе­ренциясына қатысып, 2-ор­ын иеленіп, өзінің ғылымға де­ген ерекше қабілетін көр­сет­­ті.

Болашақта Дмитрий Үн­діс­тан мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени-тілдік бай­­ланыстарды зерттеп, ха­лық­аралық білім беру немесе ау­дар­ма саласында еңбек етуді жос­парлап отыр. Қазіргі уа­қытта шетелдік студент Астана қаласында Үндістан Рес­пуб­ли­касының Қазақстандағы ел­ші­лігінде өндірістік тәжірибеден өтіп, Свами Вивекананда атын­да­ғы үнді мәдени орталығында хинди тілінен сабақ беріп жүр. Сөз соңында ол Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-да білім ал­ғы­сы келетін шетелдік жастарға кеңесін де айтты.

– Ең бастысы – таңдаған мамандыққа қызығушылық танытып, жаңа мәдениеттерге ашық болу. Бұл университет сапалы білім алып қана қой­май, тұлға ретінде қалыптасуға үл­кен мүмкіндік береді, – деп түйіндеді ойын Дмитрий.

Бота БОКУЛЕВА,

Зәуре ИСКАКОВА,

шығыстану факультетінің аға оқытушылары