ҰЛТ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫFarabi University
Референдум 15 марта

ҰЛТ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

28 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Айқын" газетінде жарық көрген  мақаласы

Қазақ ғылымының көрнекті өкілі, академик, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Жолдасбековтің туғанына – 95 жыл. Бұл – қайраткер тұлғаның жарқын есімі мен өлшеусіз еңбегін ұлықтай отырып, ұлт ғылымы алдындағы парызымызды терең сезінетін тағылымды сәт.

Өмірбек Арысланұлы – білім мен ғылымды ел дамуының стратегиялық өзегіне айналдырған, терең ғылыми ой мен кемел ұйымдастырушылықты үйлестіре білген біртуар тұлға. Бү­кіл саналы ғұмыры ұлт мүдде­сіне қызмет етудің, ғылымға адал­дықтың, мемлекетшіл парасаттың үлгісі болды. 

Ғалым механика және маши­на жасау саласында ұлттық ғылы­ми мектеп қалыптастырып, қа­зақ­­стан­дық инженерлік ойлау мә­ден­иетінің негізін қалады. Теориялық механика, машина және механ­изм­­дер теориясы ба­ғы­тындағы іргелі зерттеулері отандық ғылым­ның көкжиегін кеңейтті. 

Оның ұстазы, механизмдер мен машиналар теориясының әл­емге әйгілі өкілі, академик Иван Артоболевский Ө.Жолдас­бековтің жоғары деңгейдегі мех­ан­измдер теориясын дамытуға қосқан үле­сін және әлемдік тәжі­ри­беде бала­масы жоқ жаңа механ­измдер мен мани­пуляциялық құры­лымдар жасағанын жоғары бағалады. Бұл еңбектер авторлық куәліктермен қорғалып, шетел­дерде патент­телді. 1977 жылы Ал­-матыда маши­на­лар мен механ­изм­дер теориясы жөніндегі Бүкіл­одақтық бірінші съездің өтуі Қа­зақстан ғылымы­ның халықаралық деңгейде мой­ындалуының жар­қын көрінісі болды.

Академик В.Гусевтің бағалау­ынша, Жолдасбеков тек Қазақ­стан мен Ресейде ғана емес, Азия мен Еуропада танылған ғалым әрі инженер, халықаралық инже­нер­лік қозғалыстың көрнекті ұйым­дас­тырушысы болды. Ол АҚШ, Германия, Англия, Франция, Қытай, Жапония және басқа да ел­дер қолдау білдірген Халықара­лық инженерлік академияны құру­шылардың бірі ретінде жа­һандық ғылыми кеңістікте бедел­ге ие болды. Оның еңбектерін А.Ишлинский, Н.Бруевич, Б.Патон, Ю.Работнов сынды ірі ғалымдар мойындады.

Ең бастысы, ғалым ғылым­ды тек академиялық ізденіс деңгейінде емес, елдің индустриялық қуатын артты­ратын, экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін стратегиялық күш ретінде қарастырды. Механи­ка-машина жасау саласын дамыту арқылы ол технологиялық тәуел­сіздік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік іргетасын қалау қажеттігін ерте түсінді.

Төл инженерлік мектеп қал­ыптастыра алған ел ғана технологиялық тәуелділікті еңсеріп, отандық өндірісті күш­ейтіп, импортты алмастыру сая­са­тын жүйелі түрде жүзеге асыра алады. Мұндай жағдайда ғылым, білім және өндіріс арасындағы сабақтастық экономиканың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз болады. Инженерлік кадр­лар­дың кәсіби деңгейі елдің ин­дустриялық келбетін айқындайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп отырған цифрлық технологиялар мен жас­ан­ды интеллектіні дамы­туға ба­ғытталған стратегиялық бағдар да дәл осы берік инженер­лік іргетас­қа сүйенеді. Цифрлық трансфор­ма­ция – тек ақпараттық жүйелерді енгізу емес, ол өндірісті автомат­тандыру, интеллектуалды модель­деу, жоғары дәлдікті есеп­теулер мен заманауи инженерлік шешім­дерді өмірге әкелу үдерісі. Ал мұ­ның барлығы терең ғылыми база мен қуатты техникалық бі­лім­ге не­гізделеді. Осы тұрғыдан алған­да, механика мен машина жасау саласын дамыту Қазақстан­ның ұзақмерзімді экономикалық тұр­ақ­тылығы мен технологиялық еге­мендігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет еді. Универ­ситеттік ғылым мен инженерлік білім бұл бағытта мемлекет дамуы­­ның сенімді тірегіне айналуға тиіс.

Бүгінде осы ұстанымдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дамуының басым бағыттарымен сабақтасып жатыр. Университет инженерлік және цифрлық ғылымдарды жүйелі түрде дамыта отырып, жаңа ин­дустриялық және технологиялық кезеңге қадам басуда. Қолданбалы математика, ірі мәліметтерді талдау, климаттық модельдеу, инженерлік зерттеулер бағытында кешенді жобалар жүзеге асырылу­да. Университеттің суперкомпью­тері білім беру мен ғылымға енгіз­іліп, күрделі есептеулер мен мо­дель­деулерді орындауға, тілдік модельдер әзірлеуге, генетикалық деректерді өңдеуге және инже­нерлік шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп отыр.

Farabi Hab инновациялық-технологиялық хабы, Farabi Robotics орталығы, Халықаралық цифрлық технологиялар және робототехника институты, Farabi Chem Science кластері, 3 Тесла МРТ аппаратымен жабдықталған Ми институты және ұшқышсыз жүйелер мен жасанды интел­лек­тіні дамытуға бағытталған зерттеу алаңдары – барлығы университет­тік ғылымның жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Бұл бастамалардың түп-тамыр­ында механика мен математика­лық модельдеуге негізделген инженерлік ойлау жатыр. Ал инженерлік ойлау мәдениетінің берік іргетасын қалаған тұлға­лардың бірі тағы да Өмірбек Жолдасбеков. 

Ғалымның тағы бір тарихи еңбегі – білікті инженер кадр­ларын даярлау жүйесін қалыптас­тыруы. Ол инженерлік білімді ұлттық зияткерлік капиталдың өзегі ретінде бағалады. Осы ба­ғыт­тағы қызметінің нәтижесінде Қазақстан Инженерлік академия­сы құрылып, сондай-ақ Механика және математика институтының ғылыми бағыты айқындалды. Бұл құрылымдар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығай­тып, қолданбалы зерттеулердің экономика сұранысына жауап беруіне жол ашты.

Бүгінгі цифрлық техно­логиялар мен жасанды интеллект дәуірінде университет­тік ғылымды дамыту – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда, Өмірбек Арысланұлы қалыптас­тырған ғылыми мектеп тарихи мұра ғана емес, қазіргі стратегия­лық дамуымыздың әдіснамалық негізі. ҚазҰУ-дың инженерлік, робототехникалық және цифрлық жобалары – сол іргелі дәстүрдің заңды жалғасы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашы­ғы – академик Өмірбек Жол­дасбековтің көреген басшы­лы­ғының көркем қолтаңбасы.  Өмірбек Арысланұлының есімі университеттің тарихи дамуы және ғылыми шежіресімен тығыз байланыста. 

Қазақ елінің басты білім ор­дасын басқарған жылдары уни­верситет тарихындағы айрықша кезең болды. Ол ректорлық қыз­метінде жоғары оқу ордасының мазмұндық әрі кадрлық келбетін түбегейлі жаңғыртып, қазақ сту­денттері мен оқытушыларының үлес салмағын 90 пайызға дейін жеткізді. Факультет декандары­ның басым бөлігін жергілікті ұлт өкілдерінен тағайындау арқылы университетті шынайы ұлттық деңгейге көтерді. Бұл тек кадрлық саясат емес, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам еді.

Ректорлық қызмет кезінде ол білім ордасының ма­тери­алдық-техникалық базасын нығайтуға, ғылыми әлеуетін арт­тыруға және халықаралық байлан­ыстарын кеңейтуге бар күшін жұмсады. ҚазҰУ қалашы­ғы­ның салынуы – оның жүйелі жоспарлау, алға ойлау және ғылы­ми-инновациялық дамуға деген саналы ұмтылысының нақ­ты нә­тижесі болды. Жаңа кам­пус пай­далануға берілгеннен кейін уни­верситет жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, заманауи аудиториялар, кешенді зертханалар, студенттік жатақханалар мен спорт инфра­құры­лымы білім беру процесінің барлық құрамдастарын жетіл­діруге мүмкіндік берді. Механика-математика және инженерлік бағыттағы зертханалардың дамуы университеттің ғылыми әлеуетін күшейтіп, жас ғалымдар мен ин­же­нерлерді даярлаудың сапасын айтарлықтай арттырды.

Қалашық архитектуралық тұрғыдан да ерекшеленіп, Алма­ты­ның ғылыми және мәдени орта­лығы ретінде қалыптасты. Мегаполис ортасында бой көтер­ген заманауи кампус мыңдаған студентке сапалы білім мен ғы­лым­ға жол ашатын қасиетті мекен­ге айналды. Академиктің бастамасымен жасалған қалашық – мемлекеттің ел болашағына арналған ұзақмерзімді инвести­циясы іспеттес. 

Бүгінде университет кампус­ын­да заманауи студенттік өмір, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және инновациялық жобалар ин­тег­рацияланып, білім беру мен ғылымның тығыз байланысын көр­сетеді. 2022 жылғы 1 маусымда Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев университетке арнайы кел­іп, қызметімен танысты. Пре­зидентіміз ҚазҰУ қалашығы құры­лысының ІІ кезеңінің Бас жос­парына қолдау көрсетіп, бе­кіткен болатын. Қазіргі уақытта осы жоспар аясында қалашықта қар­қынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оқу корпустары мен жатақ­ханалар салынуда. Стадион толық жаңартудан өтті, спорт кешені мен Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы қайта жаңартылуда. Сонымен қатар қолданыстағы жатақхана­лар, оқу корпустары және әкім­шілік ғимараттар күрделі жөндеу­ден өтіп, студенттердің білім алу және тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл – университеттің стратегиялық миссиясын жүзеге асырудағы үздіксіз жұмысы­мыз­дың айқын көрсеткіші.

Өмірбек Жолдасбеков шәкірт­тері – өткен мен болашақ арасын жалғастырушы буын. Ол ондаған ғылым доктор­лары мен кандидат­тарын дайын­дап, ұлттық ғылыми элитаның қалыптасуына ықпал етті. Бүгінде олардың еңбегі жо­ғары оқу орын­дары, ғылыми-зерт­теу институт­тары және өнді­ріс салаларында жалғасуда. Жол­­­дас­беков мектебі тек ғылыми бағыт емес, адал­дық­қа, жауап­кер­шілікке және елге қызмет етуге негізделген ұстаным­дар жүйесі болып, шәкірттер ғылымды қоғам игілігіне қызмет ететін құндылық ретінде қабыл­дады.

ХХІ ғасыр цифрлық техноло­гия­лар және жасанды интеллект дәуірі болып, инженерлік ойлау, математикалық модельдеу, робо­то­техника және автоматтандыру салалары стратегиялық маңызды салаға айналды. Осындай жағ­дайда Өмірбек Жолдасбековтің ғылымға және инженерлік білімге берген басымдықтары уақыт сы­на­ғынан сүрінбей өтті. Универ­сит­еттің робототехника, автомат­тандырылған жүйелер, смарт-­өн­дірістерді дамыту ба­ғытындағы жобалары, заманауи зертханалары мен суперкомпью­терлік инфра­құрылымы елдің индустриялық және ғылыми әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосуда.

Академиктің 95 жылдық ме­рей­­тойы – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Оның қалыптастырған ғылыми мектебі, институттары және қалашық құ­ры­­­лысы – барлығы ел игілігі үшін жасалған ерен еңбек. Уни­вер­си­тет­тің бүгінгі келбеті, дамыған инфрақұрылымы, инно­вациялық орталықтары мен зерт­ханалары Жолдасбеков аманаты­ның жалға­сы болып, жаңа буынға үлгі болып отыр. ХХІ ғасырдың цифрлық технологиялар мен жасан­ды интеллект дәуірінде біз, оның ізба­сарлары ғылыми мұрасын ұрпаққа жеткізіп, білім мен ғылымды мем­лекеттің стра­тегиялық құндылығы ретінде ұл­ық­тауға міндеттіміз. Ака­демиктің өмір жолы – табан­дылықтың, білімге адалдықтың және ұлттық мүддеге қызмет етудің символы әрі ҚазҰУ дамуының мәңгілік бағдарын айқындайтын үлгі болып қала бермек.

Aikyn.kz