Студенттер азаматтық жауапкершілік туралы пікір алыстыFarabi University
Референдум 15 марта

Студенттер азаматтық жауапкершілік туралы пікір алысты

3 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан студенттер және жас ғалымдармен кездесті.

«Референдум: Жастар ұстанымы» тақырыбындағы шара алдағы референдумның саяси мәнін талқылауға және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға арналды. 

Кездесуді ҚазҰУ Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров ашып, жастардың саяси науқандарға белсенді қатысуы қоғамдық сананың жаңғыруына ықпал ететінін атап өтті.

Ақерке Абылайхан референдумның демократиялық процестегі орнына тоқталып, оны азаматтардың ерік білдіруінің маңызды тетігі ретінде сипаттады. Ол алдағы саяси науқанның стратегиялық мәнін түсіндіріп, жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің 2-курс докторанты Айдана Сыдықова жастардың саяси өзгерістерге бейжай қарамауы керектігін айтты. Оның пікірінше, университеттің ғылыми қауымдастығы демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар заң үстемдігі қағидаттары мен «Адал азамат» тұжырымдамасын жастар саясаты контексінде талқылады. Пікірталасқа заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов пен Алматы қаласының студенттік омбудсмені Айболат Сембиев қатысты.

Іс-шара соңында «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамаларын насихаттауға белсенді атсалысқан университет студенттері мен қызметкерлері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі