ҚазҰУ мен «Canon» ЖИ саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Canon» компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен жүздесті. Кездесуге компания тарапынан Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Леонид Лындин және Оңтүстік Қазақстан және Қырғызстан бойынша менеджер Виктор Сломинский қатысты.
Тараптар жасанды интеллект, жаңа технологиялар және заманауи медиа шешімдері бағытында ортақ жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Жүздесу барысында университет ректоры Жансейіт Түймебаев қонақтарға оқу ордасының инфрақұрылымы мен ғылыми әлеуетін таныстырып, өзара тиімді бірнеше стратегиялық ұсыныс білдірді. Атап айтқанда университет базасында «Canon» компаниясының арнайы бөлімшесін ашу және студенттер мен мамандардың тәжірибе алмасуына бағытталған бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу бастамасы көтерілді.

Ректор сондай-ақ ҚазҰУ-дағы заманауи техникамен жабдықталған телестудия жұмысына және журналистика факультетіндегі кадр даярлау мәселесіне тоқталды. Оқу ордасының басшысы технологиялық алпауыттың тәжірибесі медиа саласындағы болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға жаңа серпін беретінін айтты.

Өз кезегінде Леонид Лындин ҚазҰУ ұсыныстарын толық қолдайтынын жеткізді. Өкілдік басшысы университетпен әріптестік орнату жоғары сапалы технологиялық шешімдерді білім беру процесіне енгізуге және екіжақты байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар