Жоғары технологиялар институты стратегиялық серіктес атандыFarabi University
Референдум 15 марта

Жоғары технологиялар институты стратегиялық серіктес атанды

5 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы құрамындағы Жоғары технологиялар институты делегациясымен ресми кездесу өтті. Университеттің Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығы мен Ғылыми-инновациялық қызмет департаменті ұйымдастырған бұл шара тараптар арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталды.

Келіссөзді ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов жүргізіп, қонақтарды университеттің ғылыми инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстарымен таныстырды. Проректор жоғары технологиялық ғылыми орталықтар мен заманауи зертханалардың әлеуетіне тоқталып, университеттің цифрландыру, инженерия, робототехника және өнеркәсіпке бағдарланған қолданбалы зерттеулер саласындағы тұрақты даму стратегиясын жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іс-шаралар жоспарын жан-жақты талқылады. Атап айтқанда бірлескен ғылыми-техникалық жұмыс тобын құру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың басым бағыттарын айқындау мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар жерасты ұңғымалық шаймалау геотехнологиялары, экология, кен орындарын цифрлық модельдеу және уран шикізатын қайта өңдеу бағыттарындағы зерттеулерге техникалық тапсырмалар әзірлеу тетіктері сөз болды.

Жоғары технологиялар институты бас директорының ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Азамат Жикеев кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Кездесу нәтижесінде тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнатуға және бірлескен жобаларды тәжірибелік деңгейде жүзеге асыруға мүдделі екендерін растап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ кездесу аясында қонақтар Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, Суперкомпьютерлік кешен, Farabi Hub инновациялық алаңы, Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен KUKA Robotics инжинирингтік құзыреттер орталығының жұмысымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі