ЖИ бойынша халықаралық қысқы мектеп қорытындыландыFarabi University
Референдум 15 марта

ЖИ бойынша халықаралық қысқы мектеп қорытындыланды

5 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің Компьютерлік ғылымдар кафедрасының ұйымдастыруымен «Ғылыми зерттеулердегі жасанды интеллект» атты халықаралық қысқы мектеп өтті.

Ғылым мен жоғары білімнің интернационалдануын көздейтін бұл шара жасанды интеллект технологияларын зерттеу қызметіне енгізуге және цифрлық трансформация үдерістерін жеделдетуге бағытталды. Бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен, атап айтқанда сапалы білім беру, инновацияларды қолдау және жаһандық әріптестікті нығайту басымдықтарымен үндеседі.   

Шара аясында университетке Қытай Халық Республикасының жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Солтүстік-батыс политехникалық университетінің делегациясы келді. Делегация құрамында профессорлар мен студенттер болды. Бұл сапар академиялық ұтқырлық пен ғылыми дипломатияның тиімді үлгісі ретінде бағаланды.

Қысқы мектептің ашылу салтанатында факультет деканы Тимур Иманқұлов пен Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Нұрислам Қасымбек сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.

Кездесу барысында қонақтарға университеттің ғылыми инфрақұрылымы таныстырылды. Оларға жоғары өнімді есептеулер мен үлкен деректерді өңдеуге арналған Farabi Supercomputer Center, стартаптар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Farabi Hub инновациялық алаңы, сондай-ақ робототехника және интеллектуалды жүйелер зертханалары көрсетілді. Бұл нысандар университетте ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және инновациялық экожүйені дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар олар Тұрақты даму мақсаттарының «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» бағыты аясындағы бастамаларды іске асыруға ықпал етеді. Қысқы мектеп бағдарламасына дәрістер, шеберлік сабақтары, ғылыми семинарлар және практикалық сабақтар енгізілді. Негізгі назар жасанды интеллект әдістерін түрлі ғылыми зерттеу салаларында қолдану мәселелеріне аударылды.

Қарқынды пікірталастар мен практикалық сабақтардан кейін тыңдаушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды. Шараның соңы мәдени бағдарламаға ұласып, делегация мүшелері Алматының көрікті жерлерімен танысып, мәдениетаралық байланысты нығайта түсті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі