8 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University
Референдум 15 марта

8 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

8 наурыз, 2026

Құрметті арулар, ардақты әріптестер, қадірлі білім алушы қыздар!

 

Сіздерді 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Әйел – қоғамның ұйытқысы, ұлттың ұстыны, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Қай кезеңде де қазақ әйелдері ел тағдырындағы сындарлы сәттерде қайсарлық танытып, береке-бірліктің бастауында тұрған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл мейрам – мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны. Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бұл – ақиқат. «Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды.

Президентіміздің «Әділетті Қазақстанды құру ісінде әйелдердің белсенділігі – шешуші фактор. Біз әйелдердің саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ғана тұрақты дамуға қол жеткізе аламыз» деген мазмұнды пікірі бүгінгі реформаларымыздың темірқазығына айналды.

Қазіргі қазақстандық әйел – тек шаңырақтың берекесі ғана емес, ол – білікті маман, табысты кәсіпкер және шешім қабылдайтын саяси тұлға.

Оқу ордамызда әйел азаматшалардың кәсіби және ғылыми әлеуетін толық жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған. Басшылық құрамда, оқытушы-профессорлар қатарында, ғылыми жоба жетекшілері арасында білікті әрі жаңашыл әйелдердің үлесі жылдан-жылға артып келеді.

Бүгінде ҚазҰУ қызметкерлерінің 70 пайызға жуығын әйелдер қауымы құрайды. Ғылыммен айналысатын 966 әйел қызметкер бар, бұл жалпы ғылыми қызметкерлер санының 69 пайызына тең. Бұл көрсеткіш әйел ғалымдардың іргелі ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді даярлау бағытындағы белсенді әрі жетекші рөлін айқындайды.

Сонымен қатар университет құрамында 75 жастан асқан 50 ғылым ардагері еңбек етуде. Олардың көпжылдық тәжірибесі ғылыми мектептерді нығайтуға және жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуына зор үлес қосып келеді.

Университетімізде студенттік құрамның 40 пайызға жуығы – қыздар.

Біз университет қабырғасында әрбір қыз баланың қабілетін ашуға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, академиялық және басқарушылық мансапта өсуіне тең мүмкіндік беруді басты міндет санаймыз.

 

Қадірлі ҚазҰУ арулары!

Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, шығармашылық шабыт пен ғылыми табыс тілеймін. Сіздердің парасат пен мейірімдеріңіз қоғамды ізгілікке бастап, университетіміздің мерейін әрдайым асқақтата берсін!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ