Тұрақты туризмді зерттеуші ғалым
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, география ғылымының кандидаты Әлия Ақтымбаева елімізде геоэкология мен тұрақты туризм бағытын ғылыми тұрғыда дамытып жүрген жетекші ғалымдардың бірі.
Ғалымның негізгі зерттеу бағыттары геожүйелерге антропогендік жүктемені бағалау, климаттың өзгеруі жағдайындағы аумақтардың деградациясын анықтау, туристік-рекреациялық ресурстардың әлеуетін кешенді бағалау және Smart-туризм тұжырымдамасын дамытуға арналған.
Әлия Сағындыққызы еңбек жолын 2002 жылы ҚазҰУ қабырғасында бастады. 2008-25 жылдар аралығында экология, су ресурстары, рекреациялық география және экотуризм салаларында 25-тен астам ғылыми жобаны басқарды. Бұл жобалар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, халықаралық ұйымдар мен коммерциялық серіктестер тарапынан қаржыландырылды. Атап айтқанда Алакөл алабының туристік әлеуетін бағалау, агротуризм арқылы ауылдық аумақтарды дамыту, экологиялық тәуекелдерді төмендету мәселелері ғылыми-әдістемелік тұрғыда негізделді.
Ғалымның бастамасымен Германия, Гонконг және Қытай университеттерімен бірлескен ғылыми орталықтар ашылды. Олардың қатарында: Қазақстан – Қытай бірлескен қашықтан зондтау зертханасы, Hong Kong Polytechnic University-мен бірлескен Орталық Азиядағы Тұрақты даму орталығы, Орталық Азия – Герман экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау институты бар.
Халықаралық жобалар аясындағы қызмет
2015-17 жылдары ғалым Австрияда жүзеге асқан gSmart – Spatial ICT infrastructures for Smart Place халықаралық жобасы аясында Орталық Азия бойынша координатор қызметін атқарды.
2019-20 жылдары БҰҰДБ-ГЭФ жобасы шеңберінде Қазақстанның бес ұлттық паркінде туристік маршруттарға түсетін рекреациялық жүктемелер есептеліп, «Катон-Қарағай» ұлттық паркі бойынша арнайы ғылыми зерттеулер жүргізілді.
2020-22 жылдары Әлия Ақтымбаева ұлттық парктер аумағында экотуризмді аумақтық ұйымдастыруға арналған ірі ғылыми жобаларға жетекшілік етті. Сонымен қатар туризмнің цифрлық контентін дамыту, 3D-турлар, интерактивті карталар мен QR-кодтарды енгізу бағытындағы жобалар коммерцияландыру деңгейіне жетті.
2024-26 жылдары Австриядағы Salzburg University (PLUS) университетінің Геоинформатика кафедрасымен (Z_GIS) бірлесіп Eurasia Pacific Uninet аясындағы «Tien-Shan Tourism Development: statistics, directions and problems (TStour)» халықаралық жобасы бойынша зерттеу нәтижелері ұсынылды.
Соңғы жылдары ғалым жетекшілік еткен зерттеулер Батыс Қазақстан өңірінде «жасыл өсу» стратегиясын қалыптастыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және туризм саласын экологиялық тұрғыда дамытуға ықпал етті.
Профессор Әлия Сағындыққызы жетекшілік еткен зерттеулер нәтижесінде Имантау – Шалқар курорттық аймағы бойынша тұрақты туризмді дамытуға қажетті ғылыми негіз қалыптастырылды. Жүргізілген кешенді талдау Имантау – Шалқар өңірінің жоғары туристік әлеуетке ие екенін көрсетті. Ғылыми зерттеулер барысында Имантау және Шалқар көлдерінің экологиялық жағдайы бағаланды. Су сапасының негізгі көрсеткіштері рұқсат етілген деңгейде екені анықталды. Алайда органикалық заттар мен биогенді элементтер бойынша жекелеген ауытқулар тіркелді. Бұл аймақта тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу қажеттігін дәлелдеді. Әлеуметтік сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың 71 пайызы Имантау – Шалқар курорттық аймағы туралы хабарсыз екенін көрсетті. Респонденттердің басым бөлігі өңірді табиғи көріністерімен байланыстырады. Ал сакралды және мәдени нысандардың туристік әлеуеті жеткілікті деңгейде пайдаланылмай отырғаны анықталды. Бұл аймақты ақпараттық және цифрлық ілгерілетудің өзектілігін көрсетті.
Алынған нәтижелер негізінде туристік және рекреациялық аймақтандырудың ГАЖ-карталары әзірленді. Сондай-ақ туристік жүктемені реттеуге арналған негізгі индикаторлар айқындалды. Smart-технологиялар мен тұрақты даму көрсеткіштерінің бейімделген жүйесі ұсынылды. Өңірді таныту үшін 3D-турлар, аудиогидтер және мобильді қосымшаларды енгізу тетіктері негізделді.
Зерттеу нәтижелері Имантау – Шалқар курорттық аймағын Қазақстанда Smart және тұрақты туризмді басқарудың пилоттық үлгісі ретінде дамытуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Ұсынылған тәсіл табиғи ресурстарды сақтай отырып, туризмнің экономикалық тиімділігін арттыруға және жергілікті халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Профессор Әлия Ақтымбаева осылай ғылым мен тұрақты туризмді бір арнада тоғыстырып, білім беру саласында үздік нәтижелер көрсетіп келе жатқан ізденімпаз ұстаз.
Гүлзат Нұрмолдақызы
Басқа жаңалықтар