Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Парасат» қызметкерлер кәсіподағының бес жылдық жұмысын қорытындылаған есептік-сайлау конференциясы өтті.
Жиынды ашқан ұйым төрағасының орынбасары Ольга Ложникова өткізіліп жатқан рәсімдердің ашықтығы мен заңдылығына баса назар аударды. Регламент бекітіліп, есеп комиссиясы құрылғаннан кейін кәсіподақ төрағасы Талғат Мекебаев 2021-2025 жылдар аралығында атқарылған жұмыстар туралы негізгі баяндамасын жасады.

Өз сөзінде ол ұйым қызметінің басты мақсаты қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыру және олардың кәсіби, еңбек әрі әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау екенін атап өтті. Басым бағыттар ретінде еңбекақы жүйесін жетілдіру, лайықты жалақымен қамтамасыз ету және ұжымның жұмыс пен тұрмыс жағдайын жүйелі түрде жақсарту мәселелері айтылды.

Төраға бес жыл ішінде жүзеге асырылған материалдық қолдау шараларына жеке тоқталды. Есепті кезеңде қызметкерлерге тұрақты түрде мақсатты көмек көрсетіліп, санаторий-курорттық емделуге өтемақылар бөлінген. Сонымен қатар ұйым ұрпақ сабақтастығына ерекше көңіл бөліп, университет ардагерлеріне тұрақты қолдау көрсетіп, қызметкерлердің балаларына арналған жазғы сауықтыру бағдарламаларын іске асырған.

Конференция қатысушылары кәсіподақ жұмысындағы оң өзгерістерді жоғары бағалап, ревизиялық комиссияның есебін бекітті. Шара соңында делегаттар кәсіподақ комитетінің құрамын жаңартып, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар