Білім беру бағдарламаларының аккредитациясы басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім беру бағдарламаларының кешенді бағалау жұмысы басталды. Бұл кластерге қолданбалы, басқару және техникалық бағыттар бойынша бағдарламалар кіреді. Аккредитацияны халықаралық ACQUIN аккредитациялық агенттігінің сыртқы сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
Жұмыс барысында философия және саясаттану, химия және химиялық технология, механика-математика, физика-техникалық, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект, география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология факультеттерінде, сондай-ақ Экономика және бизнес жоғары мектебі мен Al-Farabi Business School-да жүзеге асырылатын 69 білім беру бағдарламасы бағаланады.
Сарапшылар оқу жоспарларын, пән каталогтарын, силлабустарды, білім беру бағдарламаларының паспорттарын және UNIVER ақпараттық жүйесінің материалдарын талдап, олардың ESG халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін анықтайды.

Комиссия құрамына Қазақстан мен Еуропаның жетекші мамандары кірді. Олардың қатарында Вильдау Қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Йенс Волленвебер, Грайфсвальд университетінің докторы Клаудиа Хюбнер, Есенов университетінің профессоры Гауһар Амангелдіқызы, Германия Федералдық еңбек агенттігі университетінің профессоры Ханс-Йоахим Баушке, сондай-ақ Мақсұт Нәрікбаев университетінің ассистент-профессорлары Бақыт Төлегенов пен Эльмира Мыңбаева бар. Сонымен қатар кәсіби практика өкілі Фред Хертельт (Bosch Engineering GmbH), студент өкіл Алтынбек Ақылбеков және ACQUIN жобасының менеджері, доктор Михаэль Майер қатысуда.
Сарапшылар алғашқы күні аккредитация мақсаттары мен критерийлерін талқылап, құжаттар бойынша мәселелерге назар аударды. Университет проректорлары және басқарма мүшелерімен кездесу барысында білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми қызмет, инновациялық жобалар және әлеуметтік саясат мәселелері қарастырылды.
Алдағы уақытта мамандар декандар, білім беру бағдарламаларының жетекшілері, оқытушылар, студенттер және түлектермен арнайы кездесулер өткізеді. Сонымен қатар комиссия мүшелері кафедралар мен тәжірибе базаларын аралап, білім беру процесінің инфрақұрылымын және студенттерді дайындау жағдайларын бағалайтын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар