ҚазҰУ-да «Open Mind Hall» зияткерлік кеңістігі ашылдыFarabi University
Референдум 15 марта

ҚазҰУ-да «Open Mind Hall» зияткерлік кеңістігі ашылды

13 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде «Open Mind Hall» коворкинг алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталық студенттер мен жас ғалымдар үшін еркін ойлау, пәнаралық зерттеулер мен сындарлы диалог орталығын қалыптастыруға бағытталған.

Жоба Дінтану және мәдениеттану кафедрасы жанындағы Дінтанулық зерттеулер және сараптама орталығының бастамасымен «IHSAN» ғылым және мәдениет орталығымен бірлестікте жүзеге асырылды.

Факультет деканы Бекжан Мейірбаев өз сөзінде мұндай алаңның пайда болуы университет, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы тиімді әлеуметтік серіктестіктің нәтижесі екенін атап өтті. «Бұл – «еркін ойлауға», пәнаралық ғылыми зерттеулерге және жастардың рухани-танымдық дамуына арналған кеңістік. Біздің ортақ мақсатымыз – әлеуметтік-гуманитарлық мәселелерді ғылыми зерттеу, деструктивті идеологиялардың алдын алу және қоғамның рухани қауіпсіздігін нығайту», – деді факультет басшысы.

Сонымен қатар декан университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен жастардың әлеуетін ашуға бағытталған мұндай бастамалар жоғары оқу орнында жүйелі негізде іске асырылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ шарада Алматы облысы Дін істері басқармасының дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы басшысының орынбасары Ақжол Асанов, Жетісу облысы Дін істері басқармасының дін саласындағы проблемаларды зерттеу және оңалту орталығының басшысы Дәулет Қазкенов және басқалар сөз сөйледі.

Тұсаукесер рәсімінен кейін қонақтар назарына Дінтанулық зерттеулер және сараптама орталығының жаңартылған кітап қоры ұсынылды. Жаңа кітаптарды «IHSAN» орталығы директорының орынбасары Темір Нүсіпханов таныстырды.

Шара аясында студенттермен кездесу және пікір алмасу, сондай-ақ «Діннің өзекті мәселелері және ғылыми зерттеулердің маңызы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Қатысушылар бірлескен ғылыми және ағартушылық жобаларды іске асыруды, діни саладағы зерттеу және оңалту жұмыстарын үйлестіру мәселелерін талқылады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі