ҚазҰУ-да Көрісу күні атап өтілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында Көрісу күніне арналған салтанатты шара өтті. Наурыз мейрамының бастауы болып табылатын бұл көне салт студенттер мен оқытушыларды көктемгі жаңару мен ұлттық бірлік атмосферасында біріктірді.
«Керемет» орталығындағы шара мерекелік бағдарламамен басталды. Таңнан бастап қонақтарды домбыра, қобыз және жетіген сияқты ұлттық аспаптардың күмбірлеген үні қарсы алды. Халық музыкалық ансамблі дәстүрлі күйлерді орындап, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.


Мереке аясында арнайы фотоаймақтар ұйымдастырылып, кең дастарханда ұлттық дәм – бауырсақтар мен сусындар ұсынылды.

Жиында ҚазҰУ Студенттер қалашығының директоры Әбдіқаһар Сейітжанов құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің жетекші жоғары оқу орнында мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығына тоқталды. «Көрісу күні – бұл жаңа кезеңнің бастауы, жаңарудың символы. Бұл күні жастар үлкендерге сәлем беріп, олардың ақ батасын алады. Бұл дәстүр қазақ халқының рухына терең бойлаған. Біздің университет бұл мерекені 15 жылдан бері тұрақты атап өтіп келеді. Бүгіннен бастап тойланатын Наурыз мейрамына 54 мемлекеттен келген студенттердің қатысуы көңіл қуантады», – деп атап өтті Студенттер қалашығының директоры.

Өз кезегінде «Керемет» СҚКО директоры Жандос Ранов Көрісу күнінің тәрбиелік мәніне, адамдардың бір-біріне деген кешірімі мен ізгі ниетіне тоқталды. Мұндай іс-шараларды өткізу тек салт-дәстүрді дәріптеу ғана емес, сонымен қатар университеттің көпұлтты ұжымын жұмылдыруға септігін тигізетінін атап өтті.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инфрақұрылымдық тұрғыдан қарқынды дамып, заманауи кампусқа айналды. Алайда рухани құндылықтар мен ата-баба мұрасына адалдық студенттік қауымдастық өмірінің мызғымас негізі болып қала бермек.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар