ҚазҰУ студенттері ұлттық дәстүрді жаңа форматта жаңғырттыFarabi University

ҚазҰУ студенттері ұлттық дәстүрді жаңа форматта жаңғыртты

16 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай, «Мәдениет FEST» мерекелік фестивалі өтті. Ректорат алдындағы алаңда ұйымдастырылған бұл шара студент жастарды біріктіріп, еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге және білім алушылардың шығармашылық әлеуетін көрсетуге бағытталды.

Фестиваль қатысушылары мен қонақтары ұлттық колорит атмосферасына бөленді. Олар дәстүрлі киімдер мен тұрмыс-салт бұйымдары қойылған тақырыптық фотоаймақтарда естелік суреттерге түсіп, халықтық өнердің бастауларымен танысуға мүмкіндік алды.

Мереке аясында қолданбалы өнер шеберлері қыш құю ісінен интерактивті шеберлік сағаттарын өткізіп, студенттер көне кәсіптің қыр-сырын өз қолдарымен сезініп көрді.

Ашық аспан астындағы импровизацияланған көркемсурет галереясында жас қылқалам шеберлері бабалар өмірі мен ұлттық мерекелерді бейнелейтін туындыларын дүниеге әкелді. Солардың бірі, тарих факультетінің 3-курс студенті Данияр Серікбай ұлттық киімдегі баланың бейнесін нақышына келтіре салды. «Сурет салумен ертеден айналысамын, бұл менің сүйікті ісім. Біз сияқты студенттерге өз талантын көрсетуге мүмкіндік берілгені өте жақсы болды. Маған мерекенің атмосферасы қатты ұнады», – дейді студент.

Журналистика факультетінің студенті Еркенұр Тілеген Наурыз нышандарын заманауи стильдегі бұйымдарға шебер үйлестіріп, креативті дизайндарын ұсынды. Ал география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Аяулым Баходыр этно-стильдегі авторлық әшекейлерімен көпшіліктің назарын аударды.Кештің рухани мазмұнын талантты жастардан құралған оркестр толықтырды. Ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған күйлер мен халық әндері мерекенің сәнін кіргізіп, тыңдармандарды рухани әлемге жетеледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мәдениет FEST» фестивалінің негізгі мұраты – дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, оны инновациялық үрдістермен үйлестіру. Мұндай бастамалар жастардың бойында ұлттық өнерге деген мақтаныш сезімін ұялатып, мәдениетіміздің жаңа биіктерге көтерілуіне жол ашатынын алға тартты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі