ІТ студенттері үшін заманауи аудиториялар ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде күрделі жөндеуден кейін үш оқу аудиториясының салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара студенттер үшін заманауи әрі жайлы білім беру экожүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып отыр.
Жаңартылған оқу залдары заманауи дизайн мен жоғары функционалдылықты үйлестіреді. Аудиториялардың интерьері толық жаңартылып, эстетикалық талаптарға сай безендірілді. Ал оқу үдерісін тиімді ету үшін ыңғайлы жиһаздар мен жаңа проекторлар орнатылды. Сонымен қатар ІТ-мамандарды даярлау ерекшеліктері ескеріліп, бөлмелерге жоғары технологиялық жабдықтар қойылды.


Кең әрі жарық аудиториялар студенттердің дәрістерге белсенді қатысып қана қоймай, күрделі тәжірибелік тапсырмаларды орындауға, сондай-ақ командалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай цифрлық орта оқытушыларға инновациялық әдістемелерді қолдануға және білім алушылармен кері байланысты нығайтуға жол ашпақ.


Факультет басшылығының айтуынша, бұл аудиториялар тек оқу орны ғана емес, ғылыми пікірталастар мен жаңа идеялар туындайтын мүмкіндіктер алаңына айналады. Жаңа аудиториялар студенттер үшін жайлы білім беру ортасын қалыптастырып қана қоймай, факультеттің дамуына да серпін беретін игі бастамалардың жалғасы болмақ.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар