ҚазҰУ бағдарламалары халықаралық деңгейде сарапталуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық ACQUIN аккредитациялық агенттігінің сыртқы сараптамалық комиссиясының жұмысы жалғасуда.
Бүгінгі таңда халықаралық сарапшылар тобы химия және химиялық технология, механика-математика факультеттері мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің білім беру бағдарламаларына кешенді сараптама жүргізді. Ауқымды жұмыс барысында жалпы саны 30 білім беру бағдарламасы аккредитациядан өтуде. Оның ішінде 17 бағдарлама Экономика және бизнес жоғары мектебіне, 8 бағдарлама химия және химиялық технология факультетіне, ал 5 бағдарлама механика-математика факультетіне тиесілі.

Комиссия құрамы әлемдік деңгейдегі танымал ғалымдар мен білікті мамандардан жасақталған. Сапаны бағалау үдерісіне Германия, Австрия, Нидерланды, Румыния, Түркия, Иордания, Малайзия және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен беделді ұйымдарының өкілдері қатысуда.
Сарапшылар сапар аясында университет басшылығымен, факультет декандарымен, бағдарлама жетекшілерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесулер өткізіп, оқу үдерісінің тиімділігін талқылауда. Сонымен қатар студенттер мен түлектерден сұхбат алынып, әкімшілік қызметкерлермен де арнайы кездесулер ұйымдастырылды.

Сондай-ақ жұмыс барысында комиссия мүшелері университеттің заманауи инфрақұрылымымен танысып, оқу аудиториялары мен зертханалық кешендерді аралап көрді. Сарапшылар білім беру бағдарламаларының құжаттамаларын, оның ішінде оқу жоспарларын, пәндер каталогтарын және оқытуды басқару жүйесінің цифрлық материалдарын мұқият зерделеуде.

Халықаралық сараптама қорытындысы бойынша университеттің білім беру бағдарламаларын одан әрі дамыту және әлемдік стандарттарға сай жетілдіру жөнінде нақты ұсынымдар әзірленетін болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар