«Unity Shanyraq» тәрбиелік шарасы өттіFarabi University

«Unity Shanyraq» тәрбиелік шарасы өтті

17 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Шаңырақ күніне орай, «Unity Shanyraq» атты тәрбиелік шара ұйымдастырылды. 

Мұндағы мақсат – отбасы құндылықтарын дәріптеу және университет ұжымы мен студенттер арасындағы бірлікті нығайту.

Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров ашып, мұндай бастамалардың қоғамдық маңызына ерекше тоқталды.

Шараға университетте қызмет ететін ерлі-зайыптылар, отбасылы түлектер мен студенттер қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар отбасындағы өзара қолдау, түсіністік пен құрметтің маңызы туралы ой қозғап, мазмұнды пікір алысты.

Бағдарлама аясында бірнеше интерактивті бөлімдер ұйымдастырылды. Атап айтқанда «Бақыт формуласы» ойынында қатысушылар бақытты отбасының негізгі қағидаларын анықтап, оларды символдық шаңыраққа орналастырды. Ал «Жұптар челленджі» мен «Отбасылық кеңес» мотивациялық алаңында кәсіби өмір мен отбасылық жылулықты үйлестіру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ студенттер «Болашақ отбасыма хат» шығармашылық бөлімінде өздерінің ақ тілектері мен келешекке деген жоспарларын хатқа түсірді.

Мерекелік шара соңында қатысушылар отбасы берекесі мен бірлігін бейнелейтін символдық шаңыраққа лента байлау рәсімін өткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі