ҚазҰУ Президент жүктеген міндеттерді орындауға кірістіFarabi University

ҚазҰУ Президент жүктеген міндеттерді орындауға кірісті

20 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi hub инновациялық орталығында Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың ғылыми және академиялық зиялы қауым өкілдерімен салтанатты кездесуі өтті. 

Жиынды ашқан университет ректоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қара шаңыраққа жасаған сапарының тарихи маңыздылығына тоқталып, бұл оқиғаның ҚазҰУ ұжымы үшін биік мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін атап өтті. Сапар барысында Президент университеттің озық инновациялық жобаларымен танысып, сонымен қатар ҚазҰУ-дың құқықтанушы ғалымдарының жаңа конституциялық реформаларды жүзеге асыруға қосқан қомақты үлесіне жоғары баға бергенін жеткізді.

Мемлекет басшысының стратегиялық баяндамасындағы басым бағыттарды талқылай отырып, ҚазҰУ басшысы Президенттің мына сөзіне баса назар аударды: «Біз Қазақстанда тура мағынасында сана революциясын жасауымыз керек. Университеттер білімді, парасатты, елдің келешегі үшін жауапкершілік арқалай алатын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеуде айрықша рөл атқарады. Қазіргі құбылмалы әлемде білім маңызды өндірістік күшке айналды». 

Ректор бүгінде ҚазҰУ-ды 30 мың студенті, оның ішінде 7 мың шетелдік білім алушысы бар алып механизмге, үлкен «білім зауытына» теңеді. Қазіргі таңда жатақханалар салу, ғылыми орталықтарды жаңғырту және жаңа технологияларды игеру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе, бәсеке заманында оқу орнының мәртебесін биіктету әрбір қызметкердің парызы екенін қадап айтты.

«Әрбір оқытушы мен қызметкер өз міндетін адал атқарып, үнемі алға жылжуы тиіс. Біз үшін моральдық атмосфераның дұрыс болуы, ұжымдағы парасаттылық пен жоғары тәрбие бірінші орында тұруы керек. Ғылым мен білім – Президент айтқандай, қасиетті ұғымдар. Сондықтан әркім өз ісіне кәсібилікпен қарауы маңызды», – деді Жансейіт Түймебаев.

Кездесу аясында салтанатты марапаттау рәсімі болды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар қызметкерлер жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтқанда университет оқытушылары Дина Баймаханова мен Жанар Кегембаева «Құрмет» орденімен марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі 12 қызметкерге табысталды, олардың қатарында Гүлдана Қуанәлиева, Меруерт Бейсенова және басқа да еңбегі сіңген мамандар бар. Сондай-ақ бірқатар жас ғалымдар мен қызметкерлер кәсіби шеберлігі үшін ректордың алғыс хатын алды.

Жиын соңында ректор «теңіз тамшыдан құралатынын» айтып, ортақ жетістікке үлес қосқан барша ұжымға алғыс білдірді.

Салтанатты шара өнерпаздардың патриоттық әнімен және Farabi hub қабырғасындағы естелік сурет рәсімімен түйінделді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі