Қазақтың салт-дәстүрлері ұлықталдыFarabi University

Қазақтың салт-дәстүрлері ұлықталды

21 наурыз, 2026

Мерекелік кешке факультет оқытушылары, студенттер мен университет қонақтары қатысты. Кеш тізгінін ұстаған жүргізушілер жиналған қауымды жаңару мен жаңғырудың символы болған айтулы мерекемен құттықтап, Наурыздың терең тарихы мен мәніне тоқталды.

 

Мереке аясында ақ тілекпен шашылған «Шашу» рәсімі, ағайынның амандығын айғақтайтын «Көрісу күні» дәстүрі және берекелі дастарханның мәні кеңінен насихатталды. Сондай-ақ бүлдіршіннің болашағына жол ашатын «Тұсаукесер» рәсімі театрландырылған қойылым ретінде көрсетіліп, жиылғандардың ықыласына бөленді.

 

Студенттер дайындаған концерттік бағдарлама кештің көркін қыздыра түсті. Сахнада қазақтың классикалық әндері шырқалып, бишілер «Қамажай» биін орындаса, күмбірлеген домбыра үнімен жеткен «Балбырауын» күйі кештің рухын асқақтатты.

Жиын соңында ақсақалдар мен ұстаздар ізгі тілектерін арнап, ақ бата берді. Мереке ұлттық тағамдар жайылған ақ дастархан басында жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі