НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

22 наурыз, 2026

Құрметті әріптестер,

қадірлі оқытушылар мен білім алушы жастар! 

 

Сіздерді күллі шығыс халқы асыға күтетін жыл басы – Әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлық мейрам халқымыздың рухани құндылықтарын, бірлік пен татулыққа негізделген болмысын айқын көрсетеді. Бұл – табиғатпен бірге адамзаттың да түлеп, жаңа үміттер мен игі бастамаларға қадам басатын ерекше кезеңі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз. Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын», – деп атап өтті.

Президент бастамасымен енгізілген «Наурызнама» онкүндігі дәл осы асыл құндылықтарды бүгінгі заманмен сабақтастырып, жаңаша мазмұнмен байыта түсті. Әр күні ерекше тағылымға толы бұл бастама ізгілік пен мәдениетті, ұлттық дәстүр мен экологиялық жауапкершілікті дәріптейді.

Игі үрдіс Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымында да өз жалғасын табуда. Қара шаңырақта Наурызнама аясында танымдық, мәдени және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, білім мен ұлттық тәрбиені ұштастыруға басымдық берілді. 

Бұл –  ортақ құндылықтарымызды нығайтып, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге қосылған маңызды үлес.

 

Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен бақ әкелсін! Бірлігіміз бекем, еңбегіміз жемісті, болашағымыз жарқын болсын!

Әз Наурыз жаңа табыстар мен биік жетістіктердің бастауы болсын!

 

Ізгі ниетпен,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Басқарма Төрағасы – Ректор  Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ