ҚазҰУ фотожурналисі республикалық көрмеде жоғары баға алдыFarabi University

ҚазҰУ фотожурналисі республикалық көрмеде жоғары баға алды

26 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ фотографы Марат Жүнісбеков «Ұлы дала кереметтері» атты республикалық этнографиялық көрмеге қатысып,  жоғары бағаға ие болды.

Алматы төрінде Әз Наурыз мейрамы қарсаңында өткен айтулы шара еліміздің ең таңдаулы 31 кәсіби фотографының басын қосты. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен фотография өнерінің 200 жылдығына орайластырылған көрмеге ҚазҰУ фотожурналисі әрі видеографы Марат (Марабей) Жүнісбеков те өз туындыларын ұсынды.

Қала тұрғындары мен қонақтары үш күн бойы фотографтардың өнерін тамашалады. Экспозицияға қойылған 100-ден астам туындының ішінде университет маманының «Бейбітшілікті сүйетін бойжеткен» және «Қарқара жайлауы» атты фотокартиналары ерекше көзге түсті. Ұлттық болмыс пен табиғат сұлулығын шебер үйлестірген бұл еңбектер көпшілік назарына ілігіп, көрермендер мен кәсіби мамандардың жоғары бағасын алды.

Шара қорытындысы бойынша Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев отандық фотография өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Фотоөнер»  ҚБ мүшесі Марат Жүнісбековке арнайы сертификат табыстады. Онда университет қызметкерінің кәсіби шеберлігі мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі аталып өтілді.

Ауқымды шара Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі», «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Alem Innovation» компаниясының ұйымдастыруымен өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі