ҚазҰУ студентінің жобасы республикалық форумда таныстырылдыFarabi University

ҚазҰУ студентінің жобасы республикалық форумда таныстырылды

27 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті мен жас зерттеушілер әзірлеген инновациялық жоба «Digital Qazaqstan 2026» форумында көпшілік назарына ұсынылды.

 

ҚазҰУ студенті Жомарт Жексенбай қатысқан «AI Startify Incubator» жобасы студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, стартап идеяларды жүйелеуге және оларды инвестиция тарту кезеңіне дейін жеткізуге бағытталған.

Форум аясында жоба жетекшісі Мақсат Күзембаев және Жомарт Жексенбай келушілерге платформаның негізгі мүмкіндіктерін таныстырды. Қазіргі таңда жүйеде 1000-нан астам қолданушы тіркеліп, 50-ден астам стартап-жоба инвестиция тартуға дайын деңгейге жеткен. Сонымен қатар 20-дан астам қорлар мен серіктестер платформаға қосылған.

Платформа «Startup Operating System» қағидаты негізінде жұмыс істеп, стартап құрудың негізгі кезеңдерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жобаның технологиялық шешімдері АҚШ-та патентке ұсынылған. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Суперкомпьютер орталығында осы платформа негізінде жеке жасанды интеллект моделін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Алдағы уақытта жоба 700 мыңға дейін студентті қамтып, қысқа мерзім ішінде ондаған мың стартапты іске қосуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама елдегі инновациялық экономиканың дамуына, экспорттық әлеуеттің артуына және салық түсімдерінің өсуіне елеулі үлес қоса алады.

Айта кетейік, «Digital Qazaqstan 2026» форумы Шымкент қаласында өтуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі