Жас тілшілер форумы өттіFarabi University

Жас тілшілер форумы өтті

27 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жас журналистердің басын қосқан жас тілшілер форумы өтті. Ауқымды шараны журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және электронды БАҚ кафедрасы Республикалық «Ұлан» газетінің қолдауымен ұйымдастырды.

Форум 10-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық шығармашылық жұмыстар байқауын қорытындылап, жеңімпаздарды ұлықтау және медиа саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлаудың өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды.

Шара ашылуында журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай қатысушыларды құттықтады. Ол форумның жаңару күндері – Наурыз мейрамымен қатар өтіп жатқанын атап өтіп, университеттің дарынды жастарды қолдаудағы маңызды миссиясына тоқталды. «Қазіргі медиаорта журналистен тек кәсіби шеберлікті ғана емес, сонымен қатар жоғары сөз мәдениетін, этикалық нормаларды сақтауды және қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінуді талап етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары білікті медиа мамандарды даярлау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып отыр. Заманауи оқу аудиториялары, телестудиялар, зертханалар мен арнайы кабинеттер, соның ішінде жасанды интеллектімен байланысты бағыттар да бар», – деді декан.

Сондай-ақ мұндай кездесулердің жаңа буын мамандарын қалыптастырудағы ерекше рөлін айтып, ҚазҰУ-дың кәсіби мектебі дәстүрлерінің сабақтастығына және болашақ тілшілер үшін практикалық тәжірибенің маңыздылығына назар аударды.

 

Форум бағдарламасы аясында Анна Данченко, Серік Жанболат, Нартай Өтеген және тағы басқа танымал медиа тұлғалардың шеберлік сағаттары балаларға кәсіби құпияларды тікелей білуге мүмкіндік берді. «Үздік мақала», «Үздік аудиоподкаст» және «Үздік бейнеинтервью» номинациялары бойынша байқау жеңімпаздары лайықты марапаттар мен сертификаттарға ие болды.

Мәдени бағдарлама барысында жас тілшілер Абай атындағы опера және балет театрына барды. Сонымен қатар олар үшін «Ұлан» және «Дружные ребята» басылымдарының редакциясына арнайы экскурсия жоспарланған.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі