Заманауи селекциядағы геномиканың рөлі талданды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым күніне орай еліміздің жетекші ғалым-академиктерінің ашық дәрістер циклі басталды.
Ғылым апталығы аясында оқытушы-профессор құрамға, докторанттар мен студенттерге көрнекті ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ерлан Кеңесбекұлы Тұрысбеков дәріс оқыды.

Арнайы шақырылған лекторды Ғылым департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек таныстырып, ғалымның еңбек жолына тоқталды. Ерлан Тұрысбеков – Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты молекулалық генетика зертханасының меңгерушісі. Академик 180-нен астам ғылыми еңбектің авторы және «Құрмет» ордені, «Үздік ғылыми қызметкер» мемлекеттік сыйлығы, сондай-ақ Фулбрайт (АҚШ) және STA (Жапония) халықаралық стипендиялары секілді көптеген беделді марапаттардың иегері. Ғалымның жетекшілігімен Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген бидай («Зарина», «Татьяна»), арпа («Шахристан») және соя («Зара», «Данелия») сорттары әзірленіп, нарыққа шығарылған.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарының заманауи селекциясындағы өсімдік геномикасының рөлі» тақырыбындағы дәріс академиялық қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Профессор бұл тақырыпты таңдауының азық-түлік қауіпсіздігімен және ауыл шаруашылығының заманауи технологияларымен тікелей байланысты екенін түсіндірді.
«Қазіргі уақытта геномика дәуірі басталды. Ол ауыл шаруашылығында қарқынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығындағы сын-қатерлер туралы айтқанда, ең алдымен топырақтың деградациясына әсер ететін климаттың өзгеруін, сондай-ақ құрғақшылық, аяз, тұздану сияқты қолайсыз факторлардың күшеюін атап өткен жөн. Қазақстанда географиялық аймақтар көп, соған байланысты бидай мен арпаны өсірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Әр аймаққа арналған арнайы селекциялық бағдарламалар қарастырылған. Халық санының өсуі ауыл шаруашылығына үлкен қысым түсіруде. Сондықтан бұл мәселелерді еңсеруге көмектесетін ресурстарға, нормаларға және технологияларға назар аудару қажет. Ал жаңа сорттарды жасау үдерісін жеделдететін негізгі құрал ретінде геномика алға шығады», –деді лектор.

Дәріс барысында ғалым ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді, Қазақстандағы бидай мен арпа өндірісін, классикалық генетиканың қиындықтарын жан-жақты талдап, геномика мен селекцияны интеграциялау қажеттігін негіздеді. Сондай-ақ маркерлік селекция мен толық геномдық ассоциациялық талдауға ерекше көңіл бөлді. Профессордың пікірінше, молекулалық генетика саласындағы іргелі білімді нақты өндірістік секторға енгізу – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі.

Шара соңында Ерлан Кеңесбекұлы қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, пікір алмасты.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар