Ғылыми әріптестікке басымдық беріледіFarabi University

Ғылыми әріптестікке басымдық беріледі

1 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің Жизақ филиалының ғылыми қызмет және инновация жөніндегі  проректоры Алижон Бабоев бастаған делегациямен кездесті.

Кездесуде ҚазҰУ өкілдері оқу ордасының жетістіктерімен бөлісті. Бүгінде оқу ордасының ғылыми-зерттеу институттары, заманауи зертханалары мен инновациялық орталықтары тұрақты дамып келеді.

Бүгінде ҚазҰУ Өзбекстанның Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті, Әлемдік экономика және дипломатия университеті секілді жетекші ЖОО-ларымен тығыз байланыс орнатқан. Қазіргі таңда университет қабырғасында Өзбекстаннан келген 200-ден астам студент бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуда.

Жиында академиялық ұтқырлықтың оң динамикасы да сөз болды. Мәселен, 2025 жылдың қазан айында ҚазҰУ базасында өзбекстандық оқытушыларға арналған ғылыми-білім беру бағытындағы арнайы тағылымдама ұйымдастырылған болатын. Тараптар бұл тәжірибені алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.

Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытып, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу, сондай-ақ білім беру мектептері мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру бағыттарында өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша білім және ғылым саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті бекітетін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі