ҚазҰУ «AI-Sana» зияткерлік бәйгесінде дара шықты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «AI-Sana» ұлттық акселерациялық бағдарламасының екінші кезеңіне өткен қатысушылар саны бойынша еліміздегі жоғары оқу орындары арасында көш бастады.
Іріктеу нәтижесінде университеттің 7524 білім алушысы келесі кезеңге жолдама алды. Олардың басым бөлігін (7025) бакалавриат студенттері құраса, 313 магистрант пен 186 докторант та инновациялық жарыста жоғары дайындықтарын көрсетті. Бұл көрсеткіш ҚазҰУ-дың еліміздегі ІТ-білім беру мен ғылым саласындағы жетекші орнын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Ауқымды жоба DeepTech-стартаптарды дамытуға және жаңа буын ІТ-мамандарын даярлауға бағытталған. Бағдарлама халықаралық сарапшылар мен Кремний алқабы инвесторларының тікелей қатысуымен жүзеге асырылуда. Үздік шыққан қатысушылар Alem.AI инновациялық экожүйесіне қосылып, өз стартаптарын халықаралық деңгейге шығаруға бірегей мүмкіндік алады.
Алдағы 2,5 ай ішінде қатысушылар қарқынды онлайн-оқытудан өтеді. Бағдарлама аясында студенттер жасанды интеллектінің қолданбалы құралдарын меңгеріп, Python тілінде нақты кодпен жұмыс істейді және Google Colab платформасында тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар жобаның негізгі миссиясы – студенттердің AI-кәсіпкерлік бағытындағы заманауи құзыреттерін қалыптастыру.
Университет ішінде физика-техникалық, география және табиғатты пайдалану, сондай-ақ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеттері ерекше белсенділік танытты. Сонымен қатар заң, филология факультеттері мен Экономика және бизнес жоғары мектебі студенттерінің де жобаға жаппай қатысуы жасанды интеллект саласының пәнаралық сипат алып, гуманитарлық бағыттарда да сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар