ҚазҰУ исламдық қаржы саласында үздік бестікке ендіFarabi University

ҚазҰУ исламдық қаржы саласында үздік бестікке енді

2 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі исламдық қаржы саласында білім беретін әлемдік үздік бес орталықтың қатарына енді.

 

ҚазҰУ жетекші ғылыми-білім беру орталығы мәртебесін тағы да дәлелдеп, DinarStandard компаниясы мен SalaamGateway порталы бірлесіп әзірлеген Top 30 Business Schools of the Islamic Economy 2026 халықаралық рейтингінде жоғары сатыға көтерілді. Бұл жетістік оқу ордасының жаһандық білім кеңістігіне интеграциялануға, инновациялық бағдарламаларды дамытуға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімге бағытталған жүйелі стратегиясының жемісі.

Бүгінде университет жанындағы Экономика және бизнес жоғары мектебі ислам экономикасы бойынша өңірлік құзыреттілік алаңына айналып, білім трансферін тиімді қамтамасыз етуде. Мұнда ғылыми мектеп қалыптасып, индустриямен байланыс нығайтылды. Факультет базасында тұрақты даму міндеттерін шешуге бағытталған бірегей зерттеулер жүргізілуде. Соның ішінде исламдық қаржы институттарындағы тәуекелдерді басқару және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы ислам банкингінің рөлін кеңейту мәселелері басты назарда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінуі оның тұрақты қаржылық экожүйені қалыптастыруға, инклюзивтілік пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген адами капиталды дамытуға қосқан зор үлесін айқындайды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі