Университет ғылымының көрсеткіштері сараландыFarabi University

Университет ғылымының көрсеткіштері сараланды

2 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңес пен Ғылыми-техникалық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жиында қара шаңырақтың 2025 жылғы ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің нәтижелері сараланып, университеттің зерттеу орталығы ретіндегі даму басымдықтары айқындалды.

Негізгі баяндаманы жасаған Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов өткен жылғы қаржылық және статистикалық көрсеткіштерге тоқталды. Оның мәліметінше, 2025 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған жалпы қаржы көлемі 16,27 млрд теңгені құраған. Университет қабырғасында 377 ғылыми жоба іске асырылса, оның 116-сы – жаңа бастамалар. Бүгінде университетте 1400-ге жуық ғалым еңбек етеді, ал PhD дәрежесін қорғаған жас зерттеушілер саны 234-ке жетті.

Есепті кезеңде халықаралық жарияланымдар саны 2000-нан асып, айтарлықтай өсім байқалды. Дәйексөз алу жиілігі 4047-ні құрап, FWCI көрсеткіші 1,32 деңгейіне көтерілді. Бұл – ҚазҰУ ғалымдарының еңбектері әлемдік ғылыми ортада жоғары сұранысқа ие екенінің нақты дәлелі. Сондай-ақ университеттің ғылыми-редакциялық инфрақұрылымы нығайып, 45 редактор мен әлемнің түкпір-түкпірінен (АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және т.б.) 488 білікті маманды біріктіретін орталық жұмысы жолға қойылды.

Инновациялық бағытта университет 52 патентке ие болып, 9 жаңа стартап жобасын іске қосты. Ғылыми-инновациялық қызметтен түскен тікелей кіріс 432,5 млн теңгеден асты. Проректор өз сөзінде халықаралық серіктестікті тек танымал ғалымдармен ғана емес, жаңа аймақтар мен зерттеу орталықтарымен де нығайтудың маңыздылығын баса айтты.

Жиын барысында алға қойылған индикаторларға жету тетіктері жазылған арнайы «Жол картасы» таныстырылды. Құжатта халықаралық жобалар санын арттыру, аккредиттелген зертханаларды кеңейту және шағын инновациялық кәсіпорындар желісін дамыту қарастырылған. Қосымша баяндама жасаған география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева ғылыми нәтижелерге талдау жасады.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының ғылымды нақты сектормен ұштастыру жөніндегі тапсырмаларын еске салды. «Ғылыми зерттеулер тек зертхана қабырғасында қалмай, нақты технологиялық және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуі тиіс. Әрбір ғалым өз еңбегінің өндірісте қолданылуына жауапты болуы керек», – деді университет басшысы.

Отырыс қорытындысы бойынша университеттің әлемдік академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтуға және ғылыми қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі