Онкология саласының ірі ғалымы Диляра Қайдарова дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында Ғылым күніне орай ұйымдастырылған жетекші ғалым-академиктердің дәрістер циклі аясында ерекше кездесу өтті.
Медицина және денсаулық сақтау факультетінің студенттері мен жас зерттеушілеріне медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан онкологтары қауымдастығының президенті Диляра Радиққызы Қайдарова «Онкологиядағы инновациялар» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды.

Академиялық дәріс алдында университет ректоры Жансейіт Түймебаев еліміздің денсаулық сақтау саласындағы ірі тұлға, академик Диляра Қайдарованы қабылдап, жылы лебізін білдірді. Ректор өз сөзінде ғалымның отандық медицина ғылымын жаһандық кеңістікке интеграциялаудағы еңбегі жоғары бағаға лайық екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның онкологиялық қызметін заманауи негізде қалыптастырып қана қоймай, ғылым мен білімнің өзара сабақтастығын нығайтқаны үшін Диляра Радиққызына университеттің «Фараби» алтын медалін зор ілтипатпен табыстады.

Салтанатты рәсімнен кейін басталған кездесуде Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов академиктің ғылыми жолына кеңінен тоқталып, жоғары жетістіктерін саралап өтті.

Диляра Радиққызы – 250-ден астам іргелі ғылыми еңбектің авторы, көптеген халықаралық патенттердің иегері. Оның жетекшілігімен елімізде сәулелік терапияның ең озық технологиялары енгізіліп, емдеу сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Профессордың еңбегі мемлекеттік «Құрмет» орденімен және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) мәртебелі стипендиясымен мойындалған.

Өз дәрісінде академик онкологиядағы эпидемиологиялық ахуалға терең ғылыми талдау жасады. Лектордың мәліметінше, бүгінде елімізде 218 мыңнан астам пациент бақылауда. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін «2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар» жүзеге асырылуда. Академик болашақтың медицинасы – 3D технологиялы роботтандырылған хирургия, ядролық медицинадағы тераностика және диагностикалық деректерді сараптаудағы жасанды интеллект екенін атап өтті.

Сонымен қатар ғалым обырдың алдын алудағы вакцинацияның рөлін ғылыми негіздеп, 2045 жылға қарай дерттің белгілі бір түрлерін 42 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік барын жеткізді.
Кездесу соңында жас ғалымдар академикпен бірге жасушалық иммунотерапия мен халықаралық зерттеу жобаларына қатысу жолдарын талқылады.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар