Гуманитарлық саладағы ЖИ әлеуеті ашылдыFarabi University

Гуманитарлық саладағы ЖИ әлеуеті ашылды

10 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында «Жасанды интеллект және гуманитарлық пәндер: оқыту, зерттеу және пәнаралық ықпалдастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Жиын цифрлық трансформация жағдайында гуманитарлық білім беру мен зерттеу салаларындағы ғылыми диалогты дамыту, жасанды интеллектінің тіл білімі, әдебиеттану және тарих ғылымдарына ұсынатын жаңа мүмкіндіктері мен туындайтын сын-қатерлерін талқылауға арналған.

Конференцияны ашқан университеттің Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Қуаныш Тастамбек өз сөзінде мұндай пәнаралық алаңдардың ғылымды дамытудағы маңызын атап өтті. Ол жасанды интеллектінің гуманитарлық зерттеулерге тың серпін беретінін және жас ғалымдарды жаңа бағыттарда ізденуге ынталандыратынын жеткізді. Сондай-ақ Қуаныш Тастамбек  ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ғылым күніне арналған құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті әріптестер, қадірлі зиялы қауым! Сіздерді Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жақында халықтың қолдауымен қабылданған жаңа Конституциямызда адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту алғаш рет мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Бұл еліміздің даму бағыты табиғи байлықтарға ғана емес, ең алдымен адам капиталына, білімді ұлт пен зияткерлік әлеуетке сүйену тиіс деген түбегейлі көзқарастың көрінісі», – делінген хатта.

Сондай-ақ жиын барысында отандық және шетелдік ғалымдар жасанды интеллект технологияларын гуманитарлық ғылымдарға енгізудің өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты. Қатысушылар білім беру бағдарламаларын жаңғырту, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында ұсыныстар білдірді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі