Шанхай Цзяотун университетімен жаңа серіктестік кезеңі талқыланды
ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Шанхай Цзяотун университетінің вице-президенті Цзэн Сяоцинь бастаған делегациямен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Тараптар серіктестікті арттыру мақсатында арнайы жол картасын әзірлеуге келісіп, нақты ұсыныстарымен бөлісті.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға оқу ордасының ғылыми әлеуетін таныстырып, Қытайдың жетекші жоғары оқу орнымен әріптестік байланыстың жоғары деңгейде жалғасып келе жатқанына тоқталды. «Шанхай Цзяотун университетімен ғылым және жоғары білім саласында қарым-қатынасты дамытуға мүдделіміз. Осы тұрғыда алдағы уақытта ғылым саласындағы ынтымақтастықты тереңдету аса маңызды. Сондай-ақ екі университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары мен факультеттер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруіміз қажет», – деді ректор.

Келіссөз барысында Талғат Ешенқұлов сөз сөйлеп, қос университет арасындағы серіктестіктен министрлік жоғары нәтиже күтетінін жеткізді. Сонымен қатар вице-министр халықаралық әріптестікті дамыту еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Өз кезегінде Цзэн Сяоцинь Шанхай Цзяотун университетіндегі жасанды интеллект, кванттық технологиялар және IT саласындағы соңғы жетістіктерге шолу жасап, ҚазҰУ-мен осы бағыттарда ортақ жобаларды бастауға ниетті екенін білдірді.

«Екі университеттің мүмкіндіктері ұқсас, бұл бізге ауқымды ғылыми жобаларды сәтті жүзеге асыруға жол ашады», – деді құрметті қонақ.
Кездесу соңында делегация мүшелері ҚазҰУ-дың заманауи зертханалары мен ғылыми орталықтарының жұмысымен танысты.






Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар