Ректор әлемдік ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты кеңейтудеFarabi University

Ректор әлемдік ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты кеңейтуде

10 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев V халықаралық Фараби форумына қатысушы шетелдік жетекші ғалымдарды қабылдады.

Оқу ордасының басшысы алдымен Ыстамбұл университетінің қауымдастырылған профессоры Мұстафа Жалел мен Түркияның Сүлеймание қолжазбалар кітапханасының директоры Невзат Каямен жүздесіп, түркітану және қолжазбаларды зерттеу саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Бұдан кейін ректор Жансейіт Түймебаев Болонья университетінің (Италия) профессоры Роберто Болтримен кездесіп, оған форум жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс айта отырып, ҚазҰУ-дың Италияның жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие екенін атап өтті.

Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары Мажарстанның Обуда университетінің профессоры Амир Мосавимен өткен келіссөздер барысында айқындалды. Профессор Мосави ҚазҰУ базасында жасанды интеллект орталығын ашуды ұсынды.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жасанды интеллект және IT салаларында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын байқадым. Осыған орай, ЖОО базасында бірлескен жасанды интеллект зерттеу орталығын, сондай-ақ ортақ ғылыми журнал ашуды ұсынамын», – деді шетелдік ғалым.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев бұл бастаманы толық қолдап, аталған жобаны іске асыру мақсатында арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Сонымен қатар халықаралық интеграция мәселелері Мексика ұлттық автономиялық университетінің профессоры Кеведо Эрнандо және Гренобль-Альпі университетінің (Франция) профессоры Кристиан Сьюмен талқыланды. Кездесуде ҚазҰУ басшысы іргелі ғылыми байланыстарды дамыту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Дипломатиялық және ғылыми диалог Чжэнчжоу университетінің (Қытай) Шет тілдер және халықаралық қатынастар институтының директоры Гао Сяолин мен орыс тілі факультетінің деканы Гу Цзюньлинмен жалғасты. Тараптар философия бағыты бойынша ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін пысықтады.

Ректор Жансейіт Түймебаев барлық кездесулерді қорытындылай келе, әлемдік деңгейдегі ғалымдармен тәжірибе алмасу ҚазҰУ-дың халықаралық беделін нығайтудағы шешуші қадам екенін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі