Академик Ахметқал Медеу табиғат дамуының эволюциясын түсіндірді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында студенттер мен ғылыми қауымдастық үшін маңызды кездесу өтті. Аудитория алдында «Табиғат: даму кезеңдері» тақырыбында белгілі ғалым-географ, ҚР ҰҒА академигі, География және су қауіпсіздігі институтының басқарма төрағасы Ахметқал Рахметоллаұлы Медеу дәріс оқыды.
Шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашты. Проректор дәріскердің отандық ғылымға қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталып, Ахметқал Рахметоллаұлының география факультетінің түлегі екенін және инженерден бастап, Қазақстан Республикасының екі Мемлекеттік сыйлығының лауреатына дейінгі жолдан өткенін айтты. «Біздің қонағымыз – 200-ден астам ғылыми еңбек пен 24 монографияның авторы, Қазақстанның Ұлттық атласының бас редакторы. Оның сел қауіпсіздігі және су ресурстары саласындағы сарапшылық білімі – ұлттық қазына», – деп атап өтті Марғұлан Ибраимов.

Ғалым өз сөзін: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ең өзекті мәселе – климаттың өзгеруі, су ресурстарының сарқылуы мен ластануы және шөлейттену процестері екенін атап өткен болатын. География және су қауіпсіздігі институты дәл осы мәселелермен айналысады, – деп бастады. – Бірінші бөлімде мен институттың немен айналысатыны, қандай ғылыми зерттеулер жүргізетіні туралы айтамын, екінші бөлім табиғаттың қалай дамитыны туралы және оны тану тәжірибесіне арналады».

Дәріс барысында академик ҚР ҒЖБМ География және су қауіпсіздігі институтының қызметі, құрылу тарихы, құрылымы, зерттеулердің негізгі бағыттары және ғылыми мекеме жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар туралы айтып берді. Институт қызметінің негізгі бағыттары мемлекет пен қоғам тарапынан сұранысқа ие төрт блок бойынша жүзеге асырылады: су ресурстарын бағалау және болжау, табиғи қауіптерді бағалау және болжау, табиғи-ресурстық әлеуетті бағалау және атластық және WEB-картографиялау.

Одан соң Ахметқал Рахметоллаұлы адам мен қоршаған ортаның өзара іс-қимылына ретроспективті талдау жасап, табиғи жүйелердің қалыптасуының негізгі кезеңдеріне тоқталды. Ол заманауи географияның іргелі білім мен технологиялық сын-қатерлердің тоғысында тұрғанын алға тартты. Ғалым бүгінде табиғи тәуекелдерді басқару және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері елдің ұлттық қауіпсіздігі үшін өте маңызды болып отырғанын жеткізді.

Кездесу соңында қатысушылар жаһандық климаттық өзгерістер мен Қазақстандағы су ресурстарын үнемді пайдалану жолдары туралы сұрақтар қойып, сарапшыдан тұшымды жауаптар алды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар