ҚазҰУ ғалымдары GeoAI дамыту моделін таныстырдыFarabi University

ҚазҰУ ғалымдары GeoAI дамыту моделін таныстырды

11 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері Астана қаласында өткен Esri Central Asia GeoAI Summit 2026 саммитіне қатысты. Ауқымды шара геоақпараттық жүйелер мен кеңістіктік деректерге жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне арналды.

 

Саммит аясында университет делегациясы ҚазҰУ базасында GeoAI-ды дамытудың кешенді тәсіліне арналған баяндамалар ұсынды. Бұл тәсіл есептеу инфрақұрылымын, бағдарламалық платформаларды, ғылыми сараптаманы және деректерді біріктіруді қамтиды.

Атап айтқанда Farabi Supercomputer Center директоры Әмірхан Темірбаев жасанды интеллект пен модельдеу міндеттеріне арналған жоғары өнімді есептеулерді қамтамасыз ететін суперкомпьютерлік орталықтың мүмкіндіктерін, сондай-ақ ұлттық GeoAI инфрақұрылымын қалыптастыру жолдарын таныстырды.

Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас директоры Өміржан Таукебаев GeoAI экожүйесін қалыптастыру туралы баяндама жасап, оның негізгі құрамдас бөліктерін атап өтті. Олардың қатарында есептеу ресурстары, геокеңістіктік және спутниктік деректер, сондай-ақ арнайы мамандар даярлау бар. Презентация барысында Farabi Supercomputer Center ресурстарын, ArcGIS негізіндегі ESRI технологияларын және Farabi GIS геокеңістіктік ғылымдар орталығының ғылыми-зерттеу әлеуетін біріктіретін GeoAI инфрақұрылымының архитектурасы көрсетілді.

Мұндай тәсіл табиғи үдерістерді мониторингтеуден бастап, климат өзгерістерін болжауға дейін, сондай-ақ мемлекеттік басқаруда шешім қабылдауды қолдайтын зияткерлік жүйелерді әзірлеуге дейінгі кең ауқымды қолданбалы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаға сәйкес, саммит Esri халықаралық компаниясының жетекші сарапшыларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, мемлекеттік органдар мен ғылыми қауымдастық өкілдерін біріктірді. Талқылаулар барысында GeoAI енгізудің заманауи тәсілдері, оның ішінде картографияны автоматтандыру, Жерді қашықтықтан зондтау деректерін өңдеу, қала құрылысына жасанды интеллектіні қолдану және зияткерлік геоақпараттық платформаларды дамыту мәселелері қарастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі