ҚазҰУ студенттері «AI SANA» республикалық байқауында жеңіске жетті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің жанынан құрылған «KazNU AI Solutions» командасы «AI SANA – Digital Kazakhstan: Projects of the Future» байқауының «Үздік ағартушылық жоба» номинациясы бойынша жеңіске жетті.
Ауқымды зияткерлік сайыс І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде өтті. Шара еліміздің цифрлық трансформациясын жеделдетуге және талантты жастарды қолдауға бағытталған «AI Sana» мемлекеттік инновациялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Байқаудың финалдық кезеңінде қатаң іріктеуден өткен Қазақстанның 14 жетекші жоғары оқу орнының өкілдері бақ сынасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің оқытушысы Аман Мұсаның жетекшілігімен университет намысын Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының студенттері: Еркежан Тілеуқұлова, Арнұр Ағабеков және Айғаным Нұржан қорғады. Команда сарапшылар алқасына «AI MamaCare» зияткерлік жүйесі атты бірегей әзірлемені таныстырды. Бұл – босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге кешенді қолдау көрсетуге арналған цифрлық платформа. Жоба қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді, бұл оны пайдаланушылардың кең ауқымы үшін қолжетімді етеді.

«AI MamaCare» – бұл жай ғана технологиялық шешім емес, медицина мен жасанды интеллект тоғысындағы маңызды әлеуметтік құрал. Платформа жас аналарға босанғаннан кейінгі кезеңдегі қиындықтарды еңсеруге көмектесіп, білікті ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған. Сарапшылар әзірлеменің жоғары әлеуметтік маңыздылығы мен ағартушылық әлеуетін ерекше атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар