Инклюзивті білім беру тәжірибесі қаралдыFarabi University

Инклюзивті білім беру тәжірибесі қаралды

14 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Чехия делегациясы мен «Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының өкілдері келді.

Құрметті қонақтармен ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева кездесіп, университеттің қызметі мен халықаралық ынтымақтастық бағыттары туралы баяндады.

Делегация құрамында Чехиядағы «Kushnir Foundation» Еуропалық қорының негізін қалаушы Кушнир Роман, «Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының президенті Салтанат Мұрзалинова, «Kushnir Foundation» қайырымдылық қорының бақылау кеңесінің төрағасы Михаэла Марксова-Томинова, «ECO-Insight» жобасының басқарушы менеджері Ким Марина бар.

Кездесу барысында тараптар инклюзивті білім беру жүйесін дамыту, әлеуметтік теңдік пен қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді қолдау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Проректор ҚазҰУ-да инклюзивті орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен, білім алушы жастарға жасалған әлеуметтік қолдау және білім беру тетіктерімен таныстырды. Өз кезегінде шетелдік делегация мүшелері өз елдерінде жүзеге асырылып жатқан инклюзивті саясат пен жобалар жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.

Жүздесу қорытындысында екі тарап өзара ынтымақтастықты нығайтуға және алдағы уақытта бірлескен жобаларды дамытуға уағдаласты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі