Сакура саясында шығармашыл жастар тоғыстыFarabi University

Сакура саясында шығармашыл жастар тоғысты

14 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚазҰУ сакурасы: сезімге толы көктем» атты бірегей арт-резиденцияның салтанатты ашылуы өтті. Мәдени шара ұлттық құндылықтарды насихаттауға және жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған. Жоба бейнелеу өнері, поэзия және Наурыз мейрамының философиясын бір арнаға тоғыстырды.

Арт-резиденцияның басты оқиғасы университет қалашығының көрікті аумағында ұйымдастырылған ашық аспан астындағы көрме болды. Экспозиция табиғи ландшафтпен үйлесім тауып, бейнелеу өнері, графика және заманауи дизайн саласында маманданған талантты студенттердің жұмыстарын ұсынды. Жас суретшілер өз туындыларында қазақ халқының дәстүрлерін, ұлттық киімдердің әсемдігі мен жаңғыру нышандарын шебер көрсете білген.

Көрмеге келушілер бұл жоба өткен күннің бай мәдени мұрасы мен қазіргі жастардың батыл көзқарасы арасындағы тығыз байланысты терең сезінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ «ҚазҰУ – сезімдер тоғысы» атты поэзия сағаты мерекеге ерекше атмосфера сыйлады. Оған әдебиетке әуес студенттер қатысты. Ашық аспан астында махаббат, адалдық, туған жер мен өмірлік бағдарлар туралы классикалық шығармалар мен төл туындылар оқылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша,  бастама университеттің қоғамдық-мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, студенттердің рухани дамуына ықпал етіп, олардың бойында нәзік эстетикалық талғамды қалыптастырады. Сонымен қатар арт-резиденция жас таланттарға өздерін танытуға және заманауи әлем жағдайында ұлттық мәдениетті терең түсінуге мүмкіндік берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі