«Ұлт ажары: Арулар мен сұлтандар» байқауы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Ұлт ажары: Сұлтандар мен арулар» атты көркем-танымдық байқау өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау, ұлттық болмысты жаңғырту, сондай-ақ студенттердің өнері мен эстетикалық талғамын дамыту болды.
Байқау төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қатысушылар алғашқы кезеңде өздерін және факультеттерін таныстырса, сұрақ-жауап бөлімінде ұлттық таным, дүниетаным және заманауи көзқарасқа қатысты сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы киім үлгілерін сахнада таныстырып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етті.
Байқауға университеттің әр факультетінен іріктелген студенттер қатысып, ұлттық киімнің сәні мен мәнін, қазақы болмыс пен мәдениеттің терең мазмұнын көрерменге әсерлі түрде жеткізе білді. Қатысушылардың өнері, сахна мәдениеті, зияткерлік деңгейі мен шығармашылық қабілеті әділқазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев жеңімпаздарға шетелге демалуға жолдамалар табыстады. Екінші және үшінші орын иегерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттар олардың жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық әлеуетін және университеттің мәдени бастамаларын дамытуға қосқан үлесін айқындады.
«Жігіт сұлтаны» номинациясы бойынша бірінші орынды Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенті Райымбергенов Бекетай иеленді. Екінші орын Журналистика факультетінің студенті Құлатай Айдынға, ал үшінші орын Физика-техникалық факультеттің студенті Жәнібек Райымбекке бұйырды.
«Ана тілі аруы» номинациясында бірінші орынды Филология факультетінің студенті Иргебай Диана жеңіп алды. Екінші орынды Журналистика факультетінің студенті Асқарова Асылзат иеленсе, үшінші орын География және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Амангелді Гауһарға берілді.
Аталған жоба жастар арасында ұлттық нақышты дәріптеп, қазақ халқының мәдени мұрасын жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.










