«ҚазҰУ сакурасы: Сезімге толы көктем» арт-резиденциясыFarabi University

«ҚазҰУ сакурасы: Сезімге толы көктем» арт-резиденциясы

14 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» мерекелік күні қарсаңында «ҚазҰУ сакурасы: Сезімге толы көктем» атты арт-резиденция ұйымдастырылды. Аталған мәдени-шығармашылық жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, сондай-ақ көктем мезгілінің эстетикалық сұлулығын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілді.

Арт-резиденция университеттің ашық кеңістігінде, табиғатпен үйлесім тапқан ерекше шығармашылық ортада өтті. Іс-шара аясында студенттердің бейнелеу өнері, графика және заманауи арт бағыттарындағы туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрменің мазмұны көрерменге ұлттық мәдениет пен қазіргі заманғы көркемдік ойлаудың үйлесімін айқын көрсетті.

Экспозицияның негізгі бөлігін Наурыз мерекесіне арналған шығармашылық жұмыстар құрады. Бұл туындыларда қазақ халқының бай салт-дәстүрлері, ұлттық киім үлгілері, көктемгі жаңару символикасы, табиғаттың қайта түлеуі, береке мен бірліктің көркем бейнелері кеңінен көрініс тапты. Әрбір жұмыс автордың дүниетанымын, ұлттық мәдениетке деген құрметін және көркемдік талғамын айқын танытты. Көрме келушілерге рухани-эстетикалық әсер беріп, ұлттық мұра мен заманауи өнердің тоғысын тереңірек сезінуге мүмкіндік жасады.

Сонымен қатар, іс-шара аясында поэзияға жақын, шығармашылыққа бейім студент жастардың қатысуымен «ҚазҰУ – сезімдер тоғысқан мекен» атты поэзиялық сағат ұйымдастырылды. Рухани кеш барысында қатысушылар махаббат, адалдық, жастық шақ, туған жер, өмір құндылықтары және көктем тақырыптарына арналған авторлық және классикалық өлеңдерді мәнерлеп оқыды.

Поэзиялық сағат еркін шығармашылық орта қалыптастырып, студенттердің ой-өрісін кеңейтуге, рухани шабыт алмасуға және әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Сондай-ақ, жас ақындар мен өнерге бейім студенттер өз шығармаларын көпшілікке ұсыну мүмкіндігіне ие болды.

Аталған мәдени іс-шара университеттің қоғамдық-мәдени өмірін жандандырып, студент жастардың рухани дамуына, эстетикалық талғамының қалыптасуына және ұлттық құндылықтарға деген құрметінің артуына ықпал етті. Сонымен бірге, бұл бастама жас таланттарды қолдауға, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және өнер арқылы өзін-өзі танытуына мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде бағаланды.

«ҚазҰУ сакурасы: Сезімге толы көктем» арт-резиденциясы университет қабырғасында дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған, жастарды өнер мен руханиятқа жақындатқан мазмұнды мәдени жоба ретінде ерекшеленді.