«Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының 27 жылдығы және «Фараби үздіктері» байқауының марапаттау кеші өттіFarabi University

«Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының 27 жылдығы және «Фараби үздіктері» байқауының марапаттау кеші өтті

15 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының 27 жылдығына арналған салтанатты іс-шара және «Фараби үздіктері» байқауының марапаттау кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған шара университеттің студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, жастардың белсенділігін арттыруға және әлеуметтік қолдау тетіктерін нығайтуға бағытталды.

Салтанатты жиын барысында «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы Амантай Азамат Қанатұлы сөз сөйлеп, ұйымның 27 жыл ішінде атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталды. Ол студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім алушылардың құқықтарын қорғау, жастар бастамаларын қолдау және студенттік өмірді жандандыру бағытында жүзеге асырылған негізгі жобалар мен жетістіктерді атап өтті. Сонымен қатар, кәсіподақтың алдағы кезеңдегі стратегиялық жоспарлары мен жаңа бастамалары туралы да ақпарат берілді.

Іс-шара аясында «Фараби үздіктері» байқауының қорытындысы жарияланып, «Фараби үздігі: студент – 2026» және «Фараби үздігі: студенттік топ – 2026» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды. Байқау студенттердің оқу жетістіктерін, қоғамдық белсенділігін, көшбасшылық қабілетін және шығармашылық әлеуетін айқындауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

«Фараби үздігі: студент – 2026» номинациясы бойынша І орынды Филология факультетінің 2-курс студенті Серікқызы Сабина иеленді. ІІ орын Физика-техникалық факультетінің 1-курс студенті Қалиасқарова Әлияға бұйырса, ІІІ орынды Химия және химиялық технологиялар факультетінің 1-курс студенті Мұратбек Әсел жеңіп алды.

Ал «Фараби үздігі: студенттік топ – 2026» номинациясы бойынша І орын Физика-техникалық факультетінің «Ғылыми физика» мамандығына берілді. ІІ орын География және табиғатты пайдалану факультетінің «География» мамандығының студенттік тобына, ал ІІІ орын Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Цифрлық экономика» мамандығына табысталды.

Салтанатты шараға Тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректордың орынбасары – Әлеуметтік-тәрбие департаментінің директоры Ж.Д. Есімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде студент жастардың белсенділігі мен университеттің қоғамдық өміріне қосқан үлесін ерекше атап өтіп, олардың жетістіктері университет беделінің артуына ықпал ететінін жеткізді.

Іс-шара барысында кәсіподақ ұйымының белсенді студенттері «Алғыс хаттармен» марапатталып, оларға «Бірге дамушылар» дисконт карталары табысталды. Сонымен қатар, «Көшбасшылар академиясының» студенттеріне «Сұңқар» төсбелгілері салтанатты түрде табыс етілді. Бұл марапаттар студенттердің қоғамдық белсенділігін ынталандыруға және олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған.

Аталған мерейтойлық кеш университеттің студенттік ұйымдарының дамуына серпін беріп, жастардың әлеуметтік және қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал еткен маңызды іс-шара ретінде бағаланды.

Сонымен қатар, бұл іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ/SDGs) бірнеше бағытымен үндес келеді. Атап айтқанда, ТДМ 4 – Сапалы білім беру, ТДМ 8 – Лайықты жұмыс және экономикалық өсу, ТДМ 10 – Теңсіздікті азайту, ТДМ 16 – Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар, сондай-ақ ТДМ 17 – Серіктестік арқылы мақсаттарға жету бағыттарымен сәйкес келеді.