ҚазҰУ студенттері жаңа Конституцияның басымдықтарын зерделедіFarabi University

ҚазҰУ студенттері жаңа Конституцияның басымдықтарын зерделеді

17 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Жаңа Конституция – жаңа ұрпақ» атты білім беру тренингі өтті. Іс-шара Конституцияның құқық қорғау нормаларын және жастардың құқықтық мемлекетті нығайтудағы рөлін талқылауға арналған диалог алаңы форматында ұйымдастырылды.

Тренингтің негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық мәдениеті мен конституциялық санасын арттыру, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметін кеңінен насихаттау.

Жиын ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсеновтің құттықтау сөзімен басталды. Бірінші проректор жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, университеттің жаңа буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. «Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және конституциялық құндылықтарды терең түсіну – құқықтық мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Университет азаматтық жауапкершілік пен құқықтық ойлау жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады», – деді ол.

Бағдарлама аясында адам құқықтарын қорғау және омбудсмен институтының қызметіне қатысты баяндамалар тыңдалды. Негізгі баяндаманы Ұлттық адам құқықтары орталығының басшысы Динара Тәженова жасады. Спикер азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі дамыту және халықтың, әсіресе жастардың, құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына назар аударды.

Сондай-ақ жиында «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының қызметі таныстырылды. Бұл бағытта Давид Шарипов баяндама жасады. Тренинг сұрақ-жауап сессиясымен тамамдалды.

Тренинг соңында қатысушылар үшін Farabi University ситуациялық басқару орталығына, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейіне және Farabi Supercomputer Center-ге экскурсия ұйымдастырылды.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі