ҚазҰУ халықаралық беделін нығайтудаFarabi University

ҚазҰУ халықаралық беделін нығайтуда

18 сәуір, 2026

ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Бельгия Королінің және Еуропалық одақтың экономикалық комиссия бойынша кеңесшісі Гилберт ван Керкховемен кездесу өткізді.

Кездесуде оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев IV «Digital Farabi 2026» халықаралық форумына қатысуға арнайы келген құрметті қонаққа ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ жетістіктері туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде Топ-200 университеттің қатарына кіреді. Орталық Азия бойынша көшбасшы жоғары оқу орны. Қазіргі таңда ҚазҰУ базасында жаратылыстану, физика, химия, биология, география салалары бойынша жобалар іске асырылады. Осы тұрғыда университет шетелдік ЖОО-лармен кез келген бағытта әріптестік байланыс орнатуға дайын», – деді ректор.

ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова өз сөзінде халықаралық әріптестікті дамыту мен жоғары білім сапасын арттыруда мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

Өз кезегінде Гилберт ван Керкхове Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру әлеуетіне жоғары баға берді.  «Мен Азиядағы көптеген мемлекеттерде болып, жоғары оқу орындарының қызметімен таныстым. Соның ішінде ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымын көріп, халықаралық деңгейдегі жобалардың іске асырылып жатқанын байқадым. Бұл университет ғалымдарының белсенді жұмысы мен оқу орнының ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Гилберт ван Керкхове.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты тереңдету жөнінде келісімге келіп, бірлескен бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға ниет білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі