Технология мен цифрлық шешімдерге басымдық берілдіFarabi University

Технология мен цифрлық шешімдерге басымдық берілді

18 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Dongfang Electronics Corporation компаниясының президенті Фан Чжэнцзимен кездесті.

Тараптар әріптестік байланысты нығайту  мәселесін талқылады. Жүздесуге «Достық Энерго» АҚ басшысы Әсет Елшібаев және Dongfang Electronics Corporation компаниясының өкілдері қатысты.

Келіссөз барысында ҚазҰУ, «Достық Энерго» АҚ мен Dongfang Electronics Corporation компаниясы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Құжат білім мен өндіріс арасындағы ықпалдастықты арттыруды, ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыруды көздейді. Сондай-ақ тәжірибе алмасуға, бірлесіп білікті мамандар даярлауға және халықаралық деңгейдегі бірлескен бағдарламаларды іске қосуға мүмкіндік туады.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ әрдайым халықаралық серіктестікті дамытуға, білім мен ғылымды өндіріс саласымен ұштастыруға басымдық беретінін жеткізді. «Бүгінгі кездесу университетіміз үшін аса маңызды әрі стратегиялық мәнге ие. Dongfang Electronics Corporation компаниясымен орнатылған байланыс – өзара тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі. ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті мен компанияның өндірістік тәжірибесін ұштастыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп санаймын», – деді ректор.

Өз кезегінде Фан Чжэнцзи: «ҚазҰУ-дың білім мен ғылым саласындағы жоғары жетістіктері мен халықаралық беделі бізді ерекше әсерге бөледі. Dongfang Electronics Corporation компаниясы инновация мен технологиялық дамуды басты басымдық ретінде қарастырады. Осы бағытта біз академиялық ортамен тығыз байланыс орнатып, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыруға үлкен мән береміз. ҚазҰУ-мен әріптестік орнату осы мақсаттарға жетудің маңызды қадамы», – деп атап өтті. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі