ҚазҰУ-да түрколог Эдхям Тенишевтің ғылыми мұрасы талдандыFarabi University

ҚазҰУ-да түрколог Эдхям Тенишевтің ғылыми мұрасы талданды

20 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Э.Р.Тенишев: ғылыми мұра және түркітанудың заманауи көкжиектері» атты республикалық ғылыми-әдіснамалық семинар өтті. Әлемге танымал ғалымның 105 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жиын түркі филологиясы мен тарихының даму бағыттарын саралайтын маңызды ғылыми шараға айналды.

Семинарды ашқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Түркологтардың ғылыми дәстүрі және Э.Р. Тенишевтің үлесі: сабақтастық, ғылыми мектеп, мәдениеттер диалогы» атты баяндамасында академиктің салыстырмалы-тарихи тіл білімінің қалыптасуындағы айрықша рөлін ерекше атап өтті. Эдхям Рахымұлы классикалық ғылыми дәстүрді жалғастырып қана қоймай, оны жаңа әдіснамалық мазмұнмен байытып, тың серпін берген ғалым. «Түркітану – филология, тарих, этнография және мәдениеттануды тоғыстыратын кешенді ғылым саласы. Оның дамуы көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеумен, салыстырмалы-тарихи тіл білімінің қалыптасуымен және Еуразия тілдерін өзара байланысқан мәдени жүйе ретінде қарастырумен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Эдхям Рахымұлы Тенишев – классикалық ғылыми дәстүрді жаңғыртып, оған жаңа әдіснамалық мазмұн мен серпін берген тұлға», – деп атап өтті ректор.

Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова «Славян академиялық кеңістігіндегі түркологтардың өмірбаяндары: тұжырымдама, ғылыми қағидаттар және Э.Р.Тенишевтің үлесі» атты баяндамасында түркітанудың дамуы үшін мәдениетаралық байланыстардың маңызын ерекше бағалады. Оның айтуынша, түркітану дербес емес, керісінше, қарқынды мәдениетаралық ықпалдастық жағдайында қалыптасқан, ал славян академиялық ортасы білімді жүйелеу мен ғылымды институционалдандырудың маңызды орталықтарының бірі болған. 

Сондай-ақ семинарда Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының Қолжазбалар зертханасының меңгерушісі, PhD Шынарай Бүркітбаева, аталған зертхананың аға ғылыми қызметкері, PhD Аққұралай Ескендір және Astana IT University ассистент-профессоры, Түркітану және алтайтану ҒЗИ аға ғылыми қызметкері Джемма Аманжолова баяндама жасады.

Іс-шара аясында университет ректоры жас ғалымдармен, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерімен кездесіп, ғылымдағы сабақтастық пен жас зерттеушілерді қолдау мәселелерін талқылады.

Семинар «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстандағы түркі тілдері» атты ғылыми жоба шеңберінде өтті. Жоба Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты мен ҚазҰУ-дың әлеуметтік лингвистика зертханасының бірлесуімен жүзеге асырылуда. Қатысушылар академиктің эпистолярлық мұрасын талдаудан бастап, қыпшақ және шағатай тілдеріндегі көне қолжазбаларды зерттеуге дейінгі өзекті мәселелерді қамтыды.

Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және қазақстандық ғылым жетістіктері аясында түркі мәдени кодын зерттеудің жаңа тәсілдерін дамытуға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі