Ректор шетелдік компания басшыларын қабылдады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев UWEE Group компаниясының өкілдерін қабылдады.
Делегация құрамында компанияның Орталық Азия бойынша төрағасы Сламбол Оркеш, ротациялық төрағасы Ван Керкхов Жильбер мен атқарушы директоры Янь Фэй бар.
Кездесу барысында тараптар энергетика және химия салаларында әріптестік байланысты орнату бойынша мәселелерді талқылады.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың UWEE Group компаниясымен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға дайын екенін атап өтіп, бірлескен ғылыми зерттеу тобын құрудың маңыздылығын жеткізді. Ректордың айтуынша, мұндай ынтымақтастық университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде компанияның Орталық Азия бойынша төрағасы Сламбол Оркеш жылы қабылдағаны үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына ризашылығын білдіріп, компанияның негізгі қызмет бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді. Құрметті қонақ өз сөзінде ҚазҰУ-мен энергетика, химия және мұнай-химия салаларында ортақ ғылыми жобаларды әзірлеуге, жаңа технологияларды зерттеуге және кадр даярлау ісін жетілдіруге қызығушылық танытты.

Сонымен қатар ЖОО ректоры China International Water Electric Corp. директорының орынбасары Сунь Пэнмен кездесті.
Қонақ компанияның жұмысы туралы айтып, университетпен бірге жасыл энергияны дамытуға бағытталған ортақ бастамаларды іске асыруды ұсынды.

China International Water Electric Corp. компаниясы жасыл энергияны дамытумен айналысады. Аталған компания 2006 жылдан бастап Қазақстанда табысты еңбек етіп келеді. ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін жоғары бағалай отырып, «Ортақ инновациялық жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Сунь Пэн.

Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев барлық ұсыныс-пікірлерді қолдайтынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар