Қауіпсіздік технологияларын меңгерген үздік студенттер анықталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының ұйымдастыруымен XVIII республикалық пәндік олимпиада өтті.
Аталған білім бәйгесі жоғары оқу орындарының студенттері арасында кәсіби білімді дамытуға, дарынды жастарды анықтауға және олардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталды. Олимпиаданың негізгі мақсаты – тіршілік қауіпсіздігі саласындағы теориялық білімді тереңдету, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және заманауи қауіпсіздік технологияларын меңгеруге ынталандыру.

Сайысқа еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан келген 13 команда қатысып, студенттер өзара білім мен шеберлік тұрғысынан бақ сынасты. Байқау бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар теориялық тестілеуден өтіп, өздерінің білім деңгейлерін көрсетті. Ситуациялық тапсырмаларды орындау барысында олар төтенше жағдайларға қатысты нақты жағдайларды талдап, тиімді шешім қабылдау дағдыларын дәлелдеді.

Олимпиада жұмысына Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, подполковник Сандуғаш Баймұхамбетова арнайы қатысып, студенттердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларына жоғары баға берді.

Қорытынды кезеңде барлық нәтижелер жинақталып, қатысушылардың жалпы дайындық деңгейі бағаланды. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының, соның ішінде аграрлық, техникалық, энергетикалық, гуманитарлық және көпсалалы университеттердің командалары қатысқан олимпиадада студенттер қазақ және орыс тілдерінде білімдерін көрсетті. Екі күнге созылған шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен студенттер жүлделі орындармен марапатталып, арнайы сертификаттар мен дипломдармен наградталды. Барлық қатысушыларға қатысу сертификаттары табысталды.









Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар